Асфальтбетон зауыттарының 38%-ы жаңа жол-құрылыс маусымына дайын емес

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Асфальтбетон зауыттарының 38% жаңа жол-құрылыс маусымына дайын емес / Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандағы асфальтбетон зауыттарының 38%-ы, яғни 91 зауыт осы жылғы жол-құрылыс маусымына мүлдем дайын емес.

Қазақ жол ғылыми зерттеу институтының зерттеуіне сүйенсек, елдегі 239 асфальтбетон зауыттың 91-і, яғни 38%-ы жаңа жол маусымына дайын емес. Дайындығы төмен зауыттар қатарында ірі жол жобаларына қатысуы тиіс зауыттар да бар.

Қалыптасқан жағдайды түзету үшін кәсіпорындарға 20 күн берілген. Осы уақыт өткеннен кейін олардың дайындығы осал болса, сәйкестік сертификаттарын қайтарып алу туралы мәселе қаралады.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты бастамасымен әрі Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қолдауымен Қазақстанның асфальтбетон зауыттары жол-құрылыс маусымының алдында тексерілген. Тексеру алдында республикада асфальтбетон қоспаларын өндіру саласы туралы статистика жиналған. 

«91 зауытта диспенсерлер мен термометрлерді өзекті тексеру немесе калибрлеу жоқ, сәйкестік сертификаттары жоқ, електер сатып алынған сәттен бастап ауыстырылмаған. Сондай-ақ барлық компоненттер материалдар автоматты дозалаусыз жуық шамамен енгізілетін ескі зауыттар да табылды. Мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды, өйткені бұл өз кезегінде құрылыс барысында пайдаланылатын өнім мен жолдың сапасына кері әсерін тигізеді», – дейді ҚазжолҒЗИ жаңа технологиялар басқармасының басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.

Айта кетерлігі, өнімнің елде қабылданған стандарттарға сәйкестігі ең соңында зертхана мамандарымен расталуы керек. Зерттелгендердің арасында тек 81 (34%) зауыттың өз зертханасы бар.

Еске сала кетейік, желтоқсан айында жол құрылысы саласында міндетін мінсіз атқара алмаған мердігер компаниялар Қазақстандағы жолға қатысты жобаларға қатысу құқығынан айырылатыны айтылған.

«Кейбір компаниялар алғашқы жылдары жұмысты әдейі кешіктіріп, үшінші, төртінші жылы жобаны қымбаттату мәселесін алға тартады. Осындай тәжірибеге тап болып отырмыз. Бұл ретте «ең басында келесілген сомадан артық ештеңе берілмейді» деп бірден айтамын. Бұрын-соңды басқа учаскелерде, атап айтқанда «Қарағанды – Балқаш» және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде жұмыс істеген әріптестеріңіздің тәжірибесіне қараңыздар. Бұл баршаға сабақ болды, енді қайталанбайды. Бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларыңызға жол берілмейді. Қолыңыздан келмесе, келісімшартты бұзып, жұмысты сол жерден тоқтатыңыз. Бұл барлық мердігер мен жол жобаларына қатысты мәселе», – деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Сондай-ақ оқыңыз