«Қазақтелеком» АҚ 2023 жылы таза кірісі 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға, 104,403 млрд теңгеге дейін азайған. Бұл туралы компанияның Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша шоғырландырылған қаржылық есебінде көрсетілген.
Компанияның салыққа дейінгі пайдасы 18,4%-ға, 134,237 млрд теңге, операциялық пайдасы – 11%-ға төмендеп, 161,311 млрд теңгені құрады. Жалпы пайда 1%-ға өсіп, 237,728 млрд теңгеге жетті.
Компанияның активтері 15,2%-ға өсіп, 1,483 трлн теңгеге, міндеттемелері – 22,1%-ға, 679,338 млрд теңгеге, меншікті капиталы – 10%-ға, 803,662 млрд теңгеге дейін өсті.
Жарғылық капитал 12,136 млрд теңге деңгейінде қалған.
«Қазақтелеком» жергілікті телекоммуникация нарығында басым орынға ие. Компания Kcell ұялы байланыс операторының 51% акциясына, сондай-ақ «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС (МТС, Tele2/ALTEL) 100% акциясына ие. Қазақстан қор биржасындағы 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша Қазақтелекомның негізгі акционерлері «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры (71,32%) «First Heartland Jusan Bank» АҚ (8,10%).
Айта кетейік, 2023 жылдың соңында S&P Global Ratings және Fitch Ratings Қазақтелекомның кредиттік рейтингтерін тиісінше «ВВ+» және «ВВВ-» деңгейінде мақұлдаған еді.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары – бұл Қазақстандағы ұлттық бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру стандарттары.