Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 400 млрд теңге тартылады – АШМ

Жарияланды
Көктемгі дала
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға үкімет резервінен 60 млрд теңге бөлінеді/ Фото: kursiv.media

Ауыл шаурашылығы министрлігінің есебінше көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудағы тапшылық шамамен 1,3 триллион теңгені құрайды. Бұл жайлы АШМ ресми өкілі Олжас Тілебалдин айтты.

Олжас Тілебалдин егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелендіруге 2024 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 140 миллиард теңге, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы 40 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінгенін айтты. Енді алды көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы егіншілік кезеңінен кешіктірмей жүргізу міндеті тұр. Алайда осы қаражаты қоса есептегеннің өзінде көктемгі дала жұмыстарына қатысты тапшылық көлемі айтарлықтай үлкен.

«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудағы тапшылық шамамен 1,3 триллион теңгені құрайды»,- дейді Тілебалдин.

Осы тапшылық көлемін ескере келе, Үкімет егіс науқанын қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға қатысты біршама іс-шаралар қабылдаған. Осы мақсатта қосымша 400 млрд теңге қаражат тарту көзделіп отыр. Бұл қаражатқа көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады.

«Осы мақсаттарға Үкімет резервінен 60 млрд теңге бөлініп, ол қарыз несиелерінің құнын төмендетуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелеріне кепілдік беруге бағытталады»,- дейді министрлік өкілі.

Сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясы» 200 мың тонна астықты тауарлық несиелеу бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен.

Еске сала кетсек, АШМ елдегі су тасқыны алдағы егіс  жұмыстарына теріс әсер етпейтінін мәлімдеді. Өйткені облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша, жоспарланған егіс алаңдары су тасқынынан зардап шекпеген. Егер егіс алқаптарын су басса, егін басқа жерге егіледі.

Сонымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды топырақтағы ылғалдан сақтандыруға өтініш қабылдау басталғанын хабарлады. Сақтандыру шартына сәйкес фермер сақтандыру жарнасының 20%-ын төлеуі керек, қалған 80%-ын сақтандырушының өтініші бойынша субсидия түрінде АНК төлейді.

Сондай-ақ оқыңыз