TikTok өкілі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қосымшаны шектеуге қатысты пікіріне жауап берді.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таңқалдық. Өйткені министрлік біздің Қазақстандағы Наурыз онлайн-фестивалі және шығармашылық қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамамызды белсенді түрде қолдап келді. Мәселен, өткен жұмада Алматыдағы іс-шарамызда министрліктің өкілі сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде жоғары бағалады»,– дейді компания өкілі.
Сонымен бірге компания өкілі қауіпсіздік мәселесін де қозғаған. Компания мәліметінше, TikTok, әсіресе, жас пайдаланушылардың қауіпсіздігіне баса мән береді. Платформадан қауымдастық нұсқауларын бұзатын, теріс мазмұндағы контенттің жойылып отыратынын мәлімдеген. 2023 жылы Қазақстанда осындай теріс саналатын әрі Ережелерді бұзатын төрт миллионнан астам видео-ролик өшірілген.
«Біз Қазақстан Республикасының мүдделі органдарымен, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен тікелей жұмыс жасаймыз. Соңғы айларда бізге кәмелетке толмаған пайдаланушылардың қауіпсіздігіне қатысты мазмұнды жою туралы өтініштер түскен жоқ. Осыған байланысты және ынтымақтастықтың ұзақ тарихын ескере отырып, министрдің бұл мәлімдемесі біздің ақпаратпен сәйкес келмейтінін атап өткен жөн», – деп жауап берген TikTok өкілі.
Компания Қазақстанда миллиондаған адамдар шығармашылығымен түрлі тәжірибелерімен бөлісетінін, осы қосымша арқылы ақша тауып отырғаны ескеріліп, елдегі қауымдастық өкілдері TikTok платформасын пайдалануды тоқтатпайтынына үміт білдірген.
Еске сала кетсек, 22 сәуір күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді.
«(Tik-tok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.
Сонымен бірге БАҚ өкілінің Tik-tok желісі елімізде мүлдем жабылуы мүмкін бе деген сұрағына министр бұл мәселенің әлі талқыланатынын айтқан.
Ал бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.
Сондай-ақ Қазақстан үкіметі TikTok пен Meta қосымшаларын пайдалануға қатысты жаңа талаптар қоятынын хабарлаған едік. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр қазір Қазақстан TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын айтты. Осы орайда үкіметте желіні ұлттық ерекшеліктерге сай бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс кеңестері өткізіліп тұрады.