Disney+ жаңа хиті: «Сегун» жапондық самурай эпосы туралы нұсқаулық
Сыншылардың да қошеметіне бөленген, ақпаннан бері көпшілікті феодал Жапония әлеміне жетелеген «Сегун» самурай хикаясы 24 сәуірде аяқталды.
Disney+ платформасында жарияланған шоуға қысқаша түсініктеме беріп, шоу аяқталғаннан кейін көрерменді не күтетініне тоқталып өтейік.
«Сегун» не туралы?
Хикая XVII ғасыр басындағы Жапониядағы азаматтық соғыс туралы. Джеймс Клавелдің 1975 жылы жазылған романы негізінде түсірілген. Негізінде, 1980 жылы бұл роман желісі бойынша хикая экранизацияланып, көрермен көзайымына да айналып үлгерген еді. 1000 бетті 10 бөлімге сыйдырған шоу авторлары Рейчел Кондо мен Джастин Маркс халық арасында «даймо» деп аталатын лордтар мен олардың самурайлары үстемдік еткен феодал жүйе өмірін барынша шынайы көрсете білген. Хикая картиналары оқиғаға мәдени аутентика қоса түскендей.
Жапониялықтарға ағылшын теңіз саяхатшысы, кеме апатынан аман қалған әлдебір Джон Блэкторн (Космо Джарвис) келеді. Сөйтіп ол шеттетілген, бірақ кезінде көпті мойындатқан самурай Йоши Торанаги (Хироюки Санада) лордтың саяси текетіресіне араласады. Йоши Торанаги – сегун ретінде мықты мемлекет құруға бар күшін салып жүрген күрескер. «Сегун» сөзі де жапон тілінде әскери диктатор деген мағына береді.
Бұл туындыны «Тақтар таласы» (Game of Thrones) немесе «Мұра» (Succession) хикаяларымен салыстырып жатқандар көп.
Ал маған хикая ұнамаса ше?
Бұл да орынды. Жапония тарихына терең бойлап, сүңгіп кету де біртүрлі көрінері анық. Осы шолудың да мақсаты – хикаядағы негізгі тұстарды түсіндіріп өту.
Шоу Жапония қолбасшысы Тойотоми Хидейошидің өлімімен басталады. Бас қолбасшы өмірден өткен соң елдегі сегундер таққа таласа бастайды. Осы оқиғаға Еуропадағы шиеленістер де ықпал етеді. Сондықтан шоуда шіркеу қызметкерлері мен миссионерлер жиі көрсетіледі.
Англия католик шіркеуінен бөлек шығып протестант өлкеге айналады. Бұның нәтижесі католик шіркеуіндегі Испаниямен қақтығысқа алып келеді. Жапонияны колониясына айналдыруға ниетті Филипп ІІ патша жоспарын іске асыру үшін Португалиямен күш біріктіреді (ақырында Португалияның да монархына айналады). «Олар халықты (христиандыққа) шақыруға тырысты», – дейді Принстон университетінің Шығыс Азия білімдері мен тарих профессоры Томас Дональд Конлан Esquire-ге берген сұхбатында. «Олардың стратегиясының негізгі бөлігі күшті лордтарға бағытталған еді».
Сыншылар не дейді?
Шоу жоғары стандарттарға сай болып, биік амбицияларды көздегені, жапон мәдениеті мен тарихын ерекше көрсете алғаны үшін көптің көңілінен шықты.
Variety газетінің сыншысы Эллисон Херман телехикаяны «таң қалдырар телеөнім» деп атады. Басқа сыншылар да бұл пікірге келіскендей, өйткені Rotten Tomatoes платформасында «Сегун» рейтиңі 99 пайызды құрады.
The Guardian колумнисі Ребекка Николсон өз шолуында «сананы жаулап алатын оқиға» деген пікір айтып, «нәзік бір драма жетпейтінін» жеткізді. «Хикая тілі кейде ағылшынша, кейде жапонша, ағылшын кей жерлерде португал тіліне ауысады. Барлығына үлгеру қиын емес. Дегенмен басқа шаруаны қатар істеп отырып көретін дүние емес», – дейді колумнист.
Телешоу саяси интригаға негізделгені анық, бірақ сыншылар авторлардың қан, алдау мен романтиканы сәтті ұштастыра білгеніне тәнті болды. The Telegraph редакторы Анита Синх «Сегуннің» күші «дәстүрі мен зорлығы Блэкторнға жат болғандай бізге үшін де таңсық әлемге баурап ала алғанында» дейді. «Бұл телехикая ерігіп кино көретіндерге арналмаған, сонысымен де жақсы», – деп түйіндеп, 4 жұлдыз қояды.
The Times-ке сын жазатын Камилла Лоң да оң пікір айтып, Блэкторнды Джарвис ойнағанына ерекше тәнті болды. «Қайта қарайтын ойым болмаған: тым алыс әрі тек еркектерге арналғандай», – деді ол. «Бірақ Космо Джарвистің керемет ойнағаны сонша қарай бердім. Бес Ричард Бартон қатар сөйлеп жүргендей көрінді». Бір ескеретін жайт Джарвистен бөлек кинодағы актерлердің дені жапониялық.
The Ringer авторы Дэниел Чин хикаядағы самурайлардың өз тілінде сөйлеуі «ақ нәсілді құтқарушылар» сияқты таптаурын ой туғызбайды. Мысалы, 2003 жылы шыққан «Соңғы Самурай» фильмінде бұл жайт көп көрсетіледі. «Негізгі конфликтідегі әр түрлі рөлін зерделей келе “Сегун» әртүрлі призма мен тәжірибе тұрғысынан ар, намыс, адалдық тақырыптарын аша алатынын көреміз”, – дейді Чин.
«Көп кейіпкеріміз, қарапайым тілмен айтқанда, шешім қабылдай алмайды, сондықтан шектеу туралы қалай айтамыз», – дейді фильм авторларының бірі Кондо. «Шектеулерді қалай қолданасыз? Кей дүниені өз мүмкіндігіңізді арттырып, қалаған адамыңызға айналу үшін қалай қолданасыз? Өзіңіз сенетін дүние мен өз өміріңіз туралы қалай айтасыз?», – дейді автор.
The Independent сыншысы Ник Хилтон да 5 жұлдыз қойып, «Жапон тарихы мен Клавелдің осы елге деген энциклопедиялық қызығушылығына негізделген қиын, шиеленіскен оқиға мазмұны», – деді. Los Angeles Times телесыншысы Роберт Ллойд әріптесінің пікіріне келісіп, «Дәл осы ерекшелігі “Тақтар таласының» көлеңкесінде қалып қоюдан сақтады”, – дейді. «Осы шоуға қатысты қандай пікірді оқысаңыз да, “Тақтар таласымен» салыстырады. Шынымен, бұл шоуды көпшілікке «сата алған» маңызды жарнама болды. Қалай болғанда да, нәзіктік пен ақыл да қызық бола алатынын көрсетті”, – дейді сыншы.
«Сегун» финалы «Тақтар таласынан» жақсы ма?
НВО мегахитінің көп сыналған финалына қарағанда жақсырақ секілді. The Telegraph сыншысы Эд Пауер «Бұл шоуда басқа шоураннерлерге жақсы сабақ бар. Мысалы, “Тақтар таласы» соңғы эпизодтарына әсерлі спектакльдер қосқанымен, эмоция тудыру тұрғысында тым бос болып шықты. Ал «Сегун» мүлде басқа жол таңдады”, – деп саралап, 4 жұлдыз берген.
Жалғасы бола ма?
Болса да, авторлар сүйенген роман негізінде болмайды. Дегенмен бұл нақты жалғасатынын да білдірмейді. Hulu, Disney+ пен Star+ платформаларындағы қаралым саны 9 миллионнан асты. Бұл дегеніміз «Кардашьяндар» мен «Аю» хикаясын да басып озғанын көрсетеді.
Әр көрерменнің назары үшін күрескен стримиң соғысы заманында өнім жасау оңай емес. Оның үстіне телевидениеге өнім дайындау көп қаражат талап ететінін де ескерген жөн.