Президент Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады. Тоқаев Кэмеронның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беретінін айтты.
– Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз – Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.
Дэвид Кэмирон стратегиялық диалогты құптайды
Дэвид Кэмерон Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.
– Мен мұнда 11 жыл бұрын екі ел арасындағы стратегиялық диалогты бастау үшін келген едім. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Энергетика, білім, бизнес және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы байланыстарды өркендетуге ниеттіміз, – деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі.
Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, әсіресе, білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дэвид Кэмерон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кэмерон атап өткендей, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу келіссөз жүргізген. Астанаға ресми сапармен келген Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронмен екі ел ынтымақтастығы нығаятынын айтты.
Қос тарап Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынасын нығайту жайын талқылады. СІМ министрі кейінгі жылдары әртүрлі салалар бойынша ведомствоаралық және парламентаралық байланыстың нығая түскенін құптады және екі елдің сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі диалогты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.
Стратегиялық диалог пен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Астанада британдық «Queen’s University Belfast» университетінің филиалы ашылады
Д. Кэмерон Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі – Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты және Лондонның Астанамен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады.
Сыртқы істер министрлігіндегі келіссөздердің маңызды нәтижесі – сыртқы саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестицияны ілгерілету, зияткерлік меншікті қорғау, энергетикалық және шикізаттық әріптестік, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, банктік және қаржылық қызметтер, жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясат, ғылым және білім сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қою болды.
Сапар барысында сондай-ақ денсаулық сақтау және көлік саласында бірқатар екіжақты құжаттар, сондай-ақ Астанада британдық «Queen’s University Belfast» университетінің филиалын ашу және Оксфордта қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске асыру туралы меморандумдар қабылданды.
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 703 млн, импорт – 478,7 млн).
Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық компания, бірлескен кәсіпорын мен өкілдік жұмыс атқаруда.
Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2023 жылы Ұлыбританиядан Қазақстан экономикасына 795 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, жалпы 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 17 млрд доллардан астам болды.