Алматы полициясы ProTenge басылымының негізін қалаушы Жәмила Маричеваны оқыстан әкімшілік хаттамаға қол қоюға шақырды. Бұл жөнінде Жәмиланың өзі фейсбук парақшасында жазба жариялады.
«Күн сайын жүгіремін. Бүгін де жүгіру үшін шығып едім. Үш шақырымнан соң, мені біреу қуып жетті. Участковый екен! Ентігіп келіп, әкімшілік хаттамамен танысу керектігін айтқан соң, қызметтік көлікке мінуді талап етті. Олардың сыпайы қарым-қатынасы мен қызмет әдебі мені таңқалдырды. Бұрын маған әкімшілік айыппұлдар салынбаған еді. Әрқашан осылай болатын ба еді?», – дей келе полиция оны босатқанын, мән-жайды кейін түсіндіретінін жазған.
Ақпарат құралдары, сәрсенбі, 22 сәуір күні кешке ProTenge басылымының бас редакторы және негізін қалаушы Маричеваны тәртіп сақшысы Алматы қаласының Бостандық полиция бөліміне алып барған. Ашық деректер арқылы бюджет қаражатының тиімді пайдалануына мониторинг жасап отыратын басылым жетекшісін «Азаттық радиосы» журналистерін қолдап әлеуметтік желіде пост жариялағаны үшін полиция бөліміне шақырған. Желідегі жазба әріптестерін ҚР СІМ аккредитациядан өткізуден бас тартқанына байланысты болған.
Айта кетейік, дәл осындай мазмұнда жазылған ProTenge жазбасын бөліскені үшін журналист Асхат Ниязовты әкімшілік жауапкершілікке тартпақ болды.
Былтыр Kursiv.Media, ProTenge, Inbusiness.kz, КазТАГ ақпарат құралдары кибершабуалға ұшырады.