Гидроқұрылысты күтіп-ұстауға бөлінген қаражатты жымқырған күдіктілер әлі қамауға алынбады — ҚМА

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Олардың арасында шенеуніктер мен кәсіпкерлер бар / Коллаж: kursiv.media

Гидротехникалық нысандарды күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдікке ілінгендер әлі қамауға алынған жоқ. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді. Агенттік өкілі гидротехникалық құрылыстар салуға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бойынша қозғалған  қылмыстық істердің қалай жүріп жатқанын баяндап берді.

 Агенттік басшысының орынбасары Ұлытау, Ақтөбе, Алматы мен Қызылордада облыстарында, гидротехникалық құрылыстар салуға бөлінген бюджет ақшасын ұрлау дерегі бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгенін растады.

 «Бұл қылмыстық істің басым бөлігі бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тіркелді. Бір дерек дамбаға заңсыз қызмет көрсетуге қатысты», – деді Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.

5 адам күдікті деп танылған. Залалдың жалпы сомасы – 1 млрд теңге көлемінде. Жеңіс Елемесов бұл қаржы гидрологиялық нысандарды күтіп-ұстауға бұрын бөлінгенін атап өтті.  

«Бұл бұрын Қазақстан аумағындағы гидроқұрылыстарды қолдауға бөлінген ақша. Ал қазір бөлінген ақша – 140 миллиард теңге. Оның қазір бөлінген 140 млрд теңгеге қатысы жоқ. Өз өкілеттігіміз аясында міндетті түрде тиісті жедел шаралар, қаржылық мониторинг жүргізіп, мұндай жағдай қайталанбауын қадағаймыз. Қандай да бір фактілер анықталса, алдын ала тоқтатамыз», – деді спикер.

Жеңіс Елемесовтың айтуынша, қаржы жымқырды деген күдікке тендерді алған кәсіпкерлер де ілінген. Сондай-ақ жұмысты аяқтау актісіне қол қоюға қатысқан лауазымды тұлғалар да бар. Бірақ олар қамауға алынбаған.

Айта кетсек 23 сәуірде Қаржы мониторингі агенттігі гидротехникалық нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген қаржыны тексеріп, 1 млрд теңге шығын келгенін анықтаған болатын.

ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов тасқын салдарын жоюға бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану мен көмек зардап шеккен барлық азаматқа нақты жетуін қамтамасыз етуді тапсырды. Одан бөлек жергілікті әкімдіктер мен құзырлы мекемелер азық-түліктің қымбаттамауын қадағалайтын болады.

«Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласпай, бөгеттер, су бұру объектілерін салу, сондай-ақ өзен арналарын тереңдету үшін ақшаны ұтымды пайдалануды зерделеуі қажет», – деді Малахов.

Сондай-ақ оқыңыз