Соңғы тәулікте БҚО аумағынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейі 6 см-ге көтерілді. Өңірде жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Осыған орай Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынының екінші толқынына дайындық шараларын жүргізіп жатқан Атырау облысына барды. Үкімет басшысы су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді.
«Батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте БҚО тарапынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейінің 6 см-ге көтерілуі тіркелді (су тасқыны басталғаннан бері жалпы 227 см көтерілген)», – делінген Үкіметтің ресми хабарламасында.
Олжас Бектенов Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары қалай жүріп жатқанын бақылады. Тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейін де қарап көрді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.
«Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу шараларының 92%-ы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 км қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Сонымен қатар Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылуда»,- делінген хабарламада.
Қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елдімекендері кіреді, бұл аумақта 10,5 км бөгет орналасқан. Қазіргі уақытта бұл аумақта арнайы техникалар арқылы бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ су басу қаупі бар Индербор, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарында бөгеттер көтеріліп жатыр. Жағалауды нығайту жұмыстары Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында жүргізіліп жатыр.
«Зардап шеккен тұрғындарға баспананы уақытша жалға алу үшін және басқа мақсаттарға 100 АЕК мөлшерінде қаржылық көмек көрсетіледі, 3 271 отбасы төлем алды. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмысын жалғастыруда«,- деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға бір реттік төлемнен бөлек қосымша 150 АЕК-ке дейін қаражат бөлінетінін мәлімдеді.
«Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қол қойдым. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз», – деді премьер-министр.
Сондай-ақ, Ақтөбеге Тәжікстан Республикасынан гуманитарлық көмек жеткізілгенін хабарлаған едік.
Тәжікстан Үкіметі табиғи апаттан зардап шеккен еліміздің тоғыз облысына 50 вагон гуманитарлық көмек жіберген. Жіберілген жүктің жалпы салмағы 2518 тоннаны құрайды. Соның 9 вагоны Ақтөбе облысына бөлінген. Онда 27 360 литр ауызсуы, 5400 дана асбест-цемент шифері, 60 тонна шеге, 70 тонна ағаш материал, 240 тонна цемент бар.