Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау: Қазақстанда несиені заңсыз алғандарға қылмыстық жауапкершілікті алып тастау ұсынылды
Мәжілісте экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыс деп танымау және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды.
Заң жобасы мен ілеспе құжатты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан таныстырды. Оның мәліметінше, Экономикалық тергеу қызметі тергеп жатқан істердің 80%-ы қоғамдық қауіпті қылмыстарға жатады. Сол себепті оларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті жеңілдету мүмкін емес.
«Көлеңкелі экономика бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуіне әкелетін жағдайларды ескере отырып, заң жобаларымен бизнестің мүдделерін қозғайтын Қылмыстық кодекстің төрт бабын (ҚК-нің 219, 234, 236 және 241-баптары) қылмыссыздандыру көзделген», – деді ол.
Кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану
Заң жобаларымен Қылмыстық кодекстің 2-бабы толық қылмыс қатарынан алып тасталынады деп күтіліп отыр. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 219-бабы (Кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану).
«Қылмыс деп танымау себебін айтсақ, Қылмыстық кодекстің 189 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) және 190- (алаяқтық) баптары бойынша саралануы мүмкін. Осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 233-бабында (ҚР заңнамасын бұза отырып кредит, қарыз алу не оларды пайдалану, мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатының қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмеуі) көзделген», – деді депутат.
Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу
Толық қылмыс қатарынан алынып тасталатын келесі бап – Қылмыстық кодекстің 241-бабы. Онда ҚР бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу туралы айтылған. Қылмыс деп танымау себебіне тоқталсақ, қылмыстық жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 239-бабында ескерілген әкімшілік жауаптылықтан бірнеше есе жеңілірек болған.
«Ішінара қылмыс деп танымау Қылмыстық кодекстің 234 -(Экономикалық контрабанда) және 236 (Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) баптары бойынша кедендік құқық бұзу деректеріне қатысты болды. Түзетулер арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабында жауапкершілікті көздей отырып, ірі мөлшерде құқық бұзушылық жасаудың саралау белгілерін қылмыстық сипаттан арылта отырып, қылмыстық жауаптылықтың басталу шегін көтеру ұсынылды», – деді Абзал Құспан.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи заң жобасының тәуекел тұстары барын айтты. Мәжілісменнің пікірінше, қазақстандықтар мұндай нормаларды дұрыс түсінбеуі мүмкін.
«Біз түсіндік. Бірақ дәл осы заңды қоғам түсінбейді. Неге? Экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру деп тұр. Өзі экономикалық құқықбұзушылық болса, оны декриминализация жасаса, оны саяси сауаты төмен қоғам қалай түсінеді?! Осының атауын қоғам түсінетіндей қылуға болмай ма?! Бізге сөз келеді, өйткені біз қабылдмаймыз. Ертең Президентке сөз келеді, өйткені ол қол қояды. Сол кезде 5-6 депутат қана қарсы күресеміз. Ертеңгі күні осы заң қабылданған күні, сол күні–ақ басталады шабуыл. Ескі Қазақстанды қорғап жатыр деп. Өзі құқық бұзылып жатса экономикалық, оны декриминилизация жасап жатса деген тұрғыда үлкен дау болады»,- деді Ермұрат Бәпи.