Google зерттеушілері су тасқынының алдын алуда жасанды интеллект мүмкіндігін қалай пайдаланбақ?

Жарияланды
shutterstock

Көктем шыға су тасқыны біраз елді әбігерге салды.Мұндайда инфрақұрылымның мықтылығымен қатар, инженерлік-геодизиялық жұмыстардың шебер әрі тиімді жүргізілуі, су тасқыны қаупін алдын ала болжай білу мәселесі біртіндеп алға шыға бастайды.

Жасанды интеллекті су тасқынының алдын алуға қолдану

Bloomberg-тің хабарлауынша, Google компаниясы су тасқыны қатерін алдын ала болжай алатын жасанды интеллект өнімін жасап шығарды. Дәлдігі аса жоғары деп бағаланып отырған жаңа модель Үндістан мен Колумбия елінде қолданылып үлгерген.

«Климаттың өзгеруі бүкіл әлемде су тасқынын жиі және жойқын ете бастады. Жасанды интеллект тіпті өлшеуіші жоқ су тасқыны бассейндерінде де дәл ескерту беруге үйрету арқылы осы залалдың бір бөлігін азайтуға көмектесуі мүмкін. Шын мәнінде, Nature журналында жарияланған мақалаға сәйкес, қазір 80 елде жұмыс істейтін жасанды интеллект моделі бұрынғы басым жүйеге қарағанда өзен тасқыны туралы дәлірек болжамды қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект моделін жасап шығарған Google мамандарының айтуынша, осы жаңа өнімнің арқасында Африкадағы болжам сапасы әлдеқайда жақсарды»,– делінеді мақалада.

Басылымның хабарлауынша, су тасқыны жыл сайын орта есеппен 50 млрд доллар көлемінде жаһандық экономикалық шығын келтіретін ең көп таралған және ең жойқын табиғи апат болып саналады. Оны болжау қиын, әсіресе, деректері аз немесе мүлдем жоқ жерлерде. Су тасқыны зардабын тартуы мүмкін 1,8 млрд адамның 90 %-ға жуығы табысы төмен және орта деңгейлі елдерде тұрады. Бай елдермен салыстырғанда ондай елдерде тасқын өлшеуіш құралдары әлдеқайда аз немесе тіпті жоқ.

Google жасап шығарған жасанды интеллект қандай да бір құралсыз-ақ аса жойқын апат тудыруы мүмкін су тасқынынын болжай алады екен. Қазіргі уақытта алтын стандарт болып табылатын GLOFAS деп аталатын ЕО-ның жаһандық су тасқынын болжау жүйесінің көптеген ғалымы мен сарапшысының қатысуы арқасында ғалымдар жасанды интеллектінің болжамды моделін жасаған. Google моделі топырақ типі, топография, спутник суреттері, ауа райы деректері сияқты жалпыға қолжетімді мәліметтерді пайдаланады. Содан кейін қай аудандарды су басуы мүмкін және су тереңдігі қанша болуы мүмкін екенін білу үшін жасанды интеллект мүмкіндігін іске қосады. Модель қазіргі уақытта сынақтан өткізілген. Содан кейін 5 680 су айдынының шолулары негізінде жақсартылған.

Зерттеушілердің айтуынша, олар ЖИ көмегімен әртүрлі бассейндердегі су тасқыны жағдайын ешқандай құралсыз кемі бес күн бұрын болжай алады. Ал GloFAS-тың өзі мұндай ахуалды тек тасқын күні айта алар еді.

Су тасқынынан сақтандыру

Дамушы елдерде су тасқынынан сақтандыру өнімдерін жасауға көмектесетін технологияларды әзірлейтін Floodbase компаниясының бас ғалымы Бет Телман Google моделі GloFAS-қа қарағанда айтарлықтай жақсарғанын айтты.

«Егер болжам сенімді болса, онда оны адамдардың өмірін құтқару мақсатындағы эвакуация мен алдын ала ескерту үшін ғана емес, адамдардың өмірі мен мүлікті құтқаруға қатысты стратегиялық қаржыландыру бөлуге де пайдалануға болар еді»,– дейді.

Бұл ретте ол бірқатар мысал келтірді. Соның ішінде «ақшаны жануарларды эвакуациялау үшін пайдалану», «өзен бойына құм дорбаларын жинау», «оны үнемдеу үшін күрішті ерте жинау» немесе тіпті «су тасқыны болғанға дейін төмен бағамен бензин мен азық-түлік қорын қалыптастыру» сияқты әрекеттер бар.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, климат қазір әжептәуір өзгерді. Тасқынды алдын ала жақсылап болжау мәселесі күн өткен сайын өзекті бола бастады. Осы ғасыр басталғалы бері тасқын тәуекелі екі еседен астамға өсіп кетті. Дамушы елдердегі тасқын туралы ескерту жүйесін дамыған елдердегі деңгеймен теңестірудің нәтижесінде жыл сайын 23 мың адамның өмірін құтқарып отыруға болады.

Google-дің зерттеулер және әзірлемелер бойынша вице-президенті Йосси Матиастың айтуынша, моделді қолданысқа енгізгелі бері ол Колумбия мен Үндістандағы су тасқынын болжауға көмектескен. Модель әзірге қалалар мен шеткері аудандардағы тасқындарды болжай алмайды, бірақ команда бұл олқылықтың тезірек орнын толтыруға ниетті.

Жалпы, Google компаниясы жасанды интеллект әзірлеу тұрғысынан үлкен жұмыстар атқаратын ойы бар сияқты. DeepMind бас директоры Демис Хассабистің айтуынша, алдағы уақытта компания ЖИ-ді дамытуға 100 млрд доллардан астам қаржы салуды жоспарлап отыр.

Су тасқыны әлемнің тең жартысын дүрліктірді

Жалпы көктем басталғалы су тасқыны әлемнің тең жартысын дүрліктіріп әкетті десек артық айтқанымыз емес. Таяуда ғана Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаласы Дубай айналасы 12 сағаттың ішінде көлкілдеген су ішінде қалды. Әлемге әйгілі «Дубай Молл» сауда орталығы да, метро мен жолдар да, елден ерек етіп салынды делінген инфрақұрылым нысандары да тасқын судың қарқынына қарсы тұра алған жоқ. Синоптиктердің есептеуінше, бір жарым күн ішінде қалаға 150 мм жаңбыр жауған.

Қытайда да жаңбыр шамадан тыс жауып, салдарынан 127 млн адам тұратын Гуандун провинциясын су басты. Табиғи апат салдарынан төрт адам қаза болып, оншақты адам хабар-ошарсыз кеткен. Xinhua агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 100 мыңнан астам адам эвакуацияланды және 30 мыңға жуығы уақытша мекендерге орналастырылды.

Алапат су тасқыны Уганда елінде де болды. Доколо деп аталатын солтүстік ауданның 15 мыңға жуық халқы эвакуацияланған. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, әйелдер мен балалар медициналық мекемелер мен мектептерге орналастырылып жатыр. Мұндай тасқын Уганда да 2022 жылы болып, сол кезде 24 адамның өмірін қиған еді.

Тізбелей берсек, тасқын тудырған апат салдарын сезінбеген ел кемде кем. Ғалымдардың алдағы уақытқа жасап отырған болжамы да аса жайлы емес. Ньюкасл университетіндегі зерттеу бөлімінің жетекшісі және гидролог Сельма Геррейроның айтуынша, осы ғасырда жағалауда орналасқан өңірлердегі тасқын жиілігі 10 есе ұлғаюы мүмкін.

«Қазір шамамен 100 мыңдай адам тасқын қатерін сезініп отыр. Егер парниктік газ шығарындылары азаймаса және тиісті бейімдеу шаралары қолданылмаса 2050 жылға таман бұл цифр 700 мыңға жетуі мүмкін»,– дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз