Жаңалықтар

Қор нарығы: АҚШ-тың ЖІӨ-сі бойынша болжам, акцияларын нарығындағы оптимизм

REUTERS/Andrew Kelly

АҚШ қор нарығы I тоқсандағы ЖІӨ туралы мәліметтер шығар алдында сілтідей тынған. Ал азиялық акциялар өсті. Кезекті аукцион АҚШ қазынашылық облигацияларына деген сұраныстың төмендегенін көрсетті.

Қор нарықтары АҚШ-тың ЖІӨ бойынша есебін күтіп отыр

Бейсенбі, 25 сәуір күні, I тоқсандағы америкалық ЖІӨ бойынша есеп жарияланады. Жақында WSJ басылымының сауалнамасына қатысқан сарапшылар көрсеткіш 2,2% болады деген байламға келген. Яғни АҚШ экономикасы жетінші тоқсан қатарынан өседі деген сөз.  

Жылдық есептеуде үй шаруашылығы шығындары алдағы екі тоқсандағыдай бірінші тоқсанда да 3%-ға өседі деп күтілуде. Бұл маңызды көрсеткіш. Өйткені АҚШ-тың экономикалық белсенділігінің 70%-ға жуығы тұтынушылық шығындарға тиесілі. Бизнеске салынған инвестициялар экономика саласының көлемі бойынша екінші орында. Оның ЖІӨ-ге қосқаны аз болу керек.

АҚШ-тың ЖІӨ-сіне үлкен мемлекеттік шығындарда ықпал етеді. Федеральды үкіметтің тапшылығы үлкен және жоғары технология мен «жасыл» энергетикаға субсидия есебінен экономикаға көп ақша салып отыр. Украинадағы соғысқа байланысты қорғанысқа да шығын көбейген.  

Бірінші тоқсанда ЖІӨ-нің төмендеуіне сауда балансы тапшылығы артқаны себеп болады деп күтіліп отыр. Сауалнамаға қатысқан сарапшылар сауда алшақтығының артуы АҚШ-тағы өсу қарқынын бір пайызға қысқартуы, тіпті ЖІӨ-ні 2%-ға төмендетуі мүмкін екенін айтады.  

АҚШ-тың үш басты индексі сауданың бірінші бөлігінде жасыл аймақта болды. Алайда сауда жабыларда Dow төмендеп, Nasdaq және S&P 500 сәл де болса көтерілді.

Технологиялардан түскен табыстың артуынан Nikkei, Hang Seng, China акциялары өсіп жатыр 

Ал азиялық қор нарықтарында жақында жақсы өсім болды.  Asia Financial хабарлауынша, технологиялық компаниялар акциялары көтерілген.

Nikkei сауданы 2,42% өсумен аяқтап, бір аптадай уақыт ішінде бірінші рет 38 мың тармақтан жоғары болды. Topix 1,67%-ға өсті. Жапон акциялары үшін осы ай оңай болған жоқ, бірақ та тәуекел активтерге қатысты жағдай қайта қалыпқа келді.   

Осы аптадағы АҚШ-тағы іскерлік белсенділік төмендегені туралы мәліметтен кейін, Қытай қор индекстері қайта өсті. Бұл ФРЖ-ның ақша-несие саясаты жақын арада жұмсарады деген үміт берді.

АҚШ үкіметі 70 млрд долларға үлкен аукцион өткізгеннен кейін қазынашылық облигациялар шығын көрді

АҚШ-та  америкалық үкіметтің 70 млрд долларға бес жылдық облигацияларын сату бойынша аукцион өтті. Нарық сұраныс жоғары болады дегенімен, инвесторлар соншалықты үлкен көлемді игере алмайды деген қорқыныш та болды.

Аукционнан кейін қазынашылық облигациялар төмендеді, деп жазады Bloomberg. Аукционның табыстылығы 4,659% болды, бұл аукцион алдындағы сауданың 4,655%-ынан шамалы ғана жоғары. Сарапшылар бұл сұраныстың күткеннен төмен болғанының дәлелі деп отыр.

Еске сала кетер болсақ, осы аптада 69 млрд долларға аукцион өткен. Енді 44 млрд доллар сомасына аукцион болу керек. Бірінші аукцион үлкен дүрлігіс тудырды.

Сарапшылар қазіргі – инфляция күшейіп, мөлшерлеме жоғары болып тұрған уақыт – қазынашылық қағаздарға инвестиция салу үшін қолайлы екенін айтады. Алайда АҚШ-та ғана емес сондай-ақ Еуропада да облигацияларға үлкен ұсыныс болып отырғаны қиындық тудырады.

Өткен аптада Халықаралық валюта қоры мемлекеттік қарыздың өскені үшін АҚШ-ты сынаған болатын. Себебі бұл инфляцияның қайта күшейтіп, әлемде қаржылық тұрақсыздыққа зиян келтіруі мүмкін. Қор болжамы бойынша, 2033 жылға қарай Американың мемлекеттік қарызы 2023 жылдың соңындағы 97%-бен салыстырғанда 45,7 трлн немесе ЖІӨ-нің 114%-на жетеді.

Инвесторлар осы аптада өтетін үшінші аукционды қалт жібермейді.

Иен төмендеп, интервенция тәуекелін арттырып отыр

Жапон иені 30 жылда бірінші рет 1 доллар үшін 155 иен деңгейіне жетті. Бұл Жапония үкіметін валюталық интерванция нарығына шығуға итермелеуі мүмкін деп жазады Bloomberg. Трейдерлер мен стратегтер Жапония Банкінің 26 сәуір күні мөлшерлеме бойынша өтетін отырысын тағатсыздана күтіп отыр. Bloomberg сауалнамасына қатысқан экономистердің бәрі реттеуші мөлшерлемені қазіргі деңгейде (0,1%) сақтап қалады деп болжап отыр.

Алайда InTouch Capital Markets Ltd компаниясының аға валюта сарапшысы Петра Матиса, валюталық интервенцияға қарағанда, иеннің нығаюы үшін мөлшерлеменің көтерілгені тиімдірек болатынын айтады.