Қазақстан электронды коммерцияның енуі бойынша үздік 10 елдің қатарына кіруі мүмкін. 2023 жылдың соңында Қазақстанда жалпы бөлшек саудадағы e-commerce үлесі 12,6%-ға жетіп, Канаданы басып озған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 8,2%-ды құраған еді. Бұл туралы PwC зерттеуінде жазылған.
Дегенмен сектордың 2,4 трлн (+ 79%) теңге жалпы табысы батыс елдерімен салыстырғанда аз. Былтыр электронды коммерциядағы транзакция саны 90 млн-нан асқан. Онлайн саудадағы орташа чек – 26,8 мың теңге.
2023 жылы орташа чектің сәл азайғаны байқалады. Электронды сауданың 89 пайызы үлкен маркетплейстер арқылы жасалған. Жеке онлайн-дүкендердің үлесі азайып барады. Электронды сауданың өсімінде халықаралық сауда алаңдарының үлесі басым.
Сарапшылар онлайн-сауда саласының несие берумен тығыз байланысты екенін жазады. Өйткені тұтынушылар тауарды не несиеге не бөліп төлеп алады.
Бөлшек электрондық сауданы дамытуға бірнеше фактор: қаржы секторын цифрландыру, Интернетті пайдаланушылар үлесінің және Интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алу тәжірибесі бар тұтынушылардың санының артуы оң әсер еткен. Одан бөлек, интернетке инвестиция ағыны, елдің жалпы ішкі өнімінің екінші жыл қатарынан өсуі де ықпал еткен.
2023 жылы Wildberries, Ozon, Pinduoduo, Aliexpress және т.б. халықаралық маркетплейстер бөлшек электрондық сауданы дамытуда ерекше рөл атқара бастады. Сарапшылар Қазақстадағы e-commerce секторы жас және өсу әлеуеті жоғары екенін айтады.
Басқа негізгі тенденцияларға орташа есепшоттың 26,8 мың теңгеге дейін (-2,6%) төмендеуі, теңгедегі сатылымдардағы жергілікті интернет-дүкендердің үлесінің екі есе азаюы және 2022 жылы РФ-ға қарсы санкцияларға байланысты үзілген жеткізу тізбегін қалпына келтіру жатады.
2022 жылы электронды сауда көлемі 1,3 трлн теңгенің құраған еді. Ол кезде жергілікті нарық үлесі халықаралық сауда-саттықтан жоғары тұрған. Маркетплейс арқылы сатылымның жылдық өсімі 33 пайызды құраса, онлайн дүкендеріндегі сауда-саттық көрсеткіші 19 пайызға артқан.