Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновты азаптау фактісі бойынша Алматы облысы Қарасай аудандық арнайы абақты мен полиция басқармасының басшылары қамауға алынған. Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына жауап берген Бас прокуратура хабарлады.
«Бас прокуратура бұл қылмысты жасағаны үшін Қарасай аудандық арнайы абақты мен полиция басқармасының бұрынғы басшыларының қамауға алғанын хабарлады», – делінген жауапта.
Бас прокуратура ақпаратына сүйенсек, қырғыз азаматы Рузахунов пен басқа да азаматтар жəбірленуші деп танылған бұл қылмыстық істі Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі қабылдаған.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа мəліметтер жария етуге жатпайды жəне қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, жұртшылыққа жеткізіледі», – делінген жауапта.
15 сәуірде Азаптауға қатысты іс бойынша 4 полицейдің қамалғаны туралы ақпаратты осыған дейін Викрам Рузахуновтың өзі де жазған.
«Төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынды. Біреуі азаптап, күш көрсеткенін мойындады. Екіншісі жалған ақпарат таратып, өзін өртеймін деген анасы мен балаларын алдына салып отыр»,– деп жазды Рузахунов.
Ол қазір осы азаптау ісіне қатысты 22 жәбірленуші бар екендігін айтқан. Айтуынша, олар Қаңтар оқиғасы кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.
«Халықаралық құқықтық бастама» қорының жетекшісі Айна Шорманбаева да бұл ақпаратты растап, Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Орталық Азия елдерінен келген шамамен жүз мигранттың ісі Қазақстан бас прокуратурасына берілгенін жазды.
Айта кетейік, 2023 жылы 25 мамырда Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап-арызынан бас тартқан.
2024 жылы 19 наурызда Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарған. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында жеткізілген 3 азаматқа қатысты кінәлі полицейлер азаптау қолданғанын дәлелдеді.