Алматыда жаңа алма бақтары пайда болады. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алма ағаштары «Алматы – бақ қала» акциясы аясында 27 сәуір күні отырғызылмақ.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының аясында жасыл желек егумен қатар, жаппай алма ағаштары отырғызылады. 7705 жасыл желек, оның ішінде 4015 жеміс ағашы отырғызылады. Жеміс ағаштарының ішінде 3855 түп алма ағашы бар. Сонымен бірге 1090 түп жапырақты ағаш, 2600 түп сәнтал, ырғай, қабыржық, қаржеміс және т.б. ағаштар бар»,– делінген әкімдік хабарламасында.
«Алматы – бақ қала» жалпықалалық акциясына қатысуға Алматының барлық тұрғыны мен қонағы қатыса алады.
Көшеттер қаланың мына жерлеріне отырғызылады:
- ҮАК бойындағы көшенің солтүстігінде, Жаңа Сайын көшесінің шығысында орналасқан саябақ аумағында 500 жеміс ағашы, оның ішінде 250 түп алма ағашы, 250 түп өрік ағашы егіледі;
- «ALA» саябағының аумағында 2 270 алма көшеті;
- Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында 1000 жапырақты ағаш отырғызылады.
Еске сала кетсек, «Курсив» Алматыда қоғамдық алма бақ егу мәселесіне қатысты зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мамандарының пікірі алынды. Олар алма ағашын, әсіресе, қала маңындағы тау бөктеріне алма егудің аса маңызды екенін атап өтті.
«Тау бөктеріне алма өсіру аса пайдалы. Өйткені оның тамыры лай көшкінін болдырмауға септігін тигізеді. Топырақтың көшуін болдырмай, оны ұстап тұрады», – дейді институттың басқарма төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәуле Қазыбаева.
Сонымен бірге Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында 5 гектар және одан жоғары алаңда интенсивті алма бағын отырғызу кезінде субсидиялау қарастырылғанын хабарлаған болатын.