Полиция Іле-Балқаш резерватындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғады
Полиция 19 сәуірде Алматы облысының Балқаш ауданында қамыстың өртенуіне қатысты ҚК-ның «Ормандарды жою немесе бүлдіру» деген 341-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бастапқыда қамыс өртеніп, кейін тілсіз жау 31 гектар орман қорына таралған. Өртті сөндіру үшін тікұшақпен жалпы көлемі 387 тоннадан астам 129 су ағызу жұмысы жүргізілген. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды.
«Аталған факт бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің «Ормандарды жою немесе бүлдіру» деген 341-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, сегіз жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында орналасқан. Резерват аумағы өте маңызды табиғи кешен болып есептеледі. Мұнда «Балқаш маңы» және «Іле өзенінің сағасы» атты екі маңызды учаске бар.
Еске сала кетсек, 21 сәуірден бастап резерват аумағындағы құрғақ шөп пен қамыс өртенген. Өрт аумағы шамамен 18 гектар алқапты қамтыған. ҚР Төтенше жағдай министрлігі елдімекендерге қауіп төнбегенін хабарлады.
Орман шаруашылығының қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің жанып жатқан учаскелерге жетуі қиындаған. Сол себепті өртті сөндіру жұмыстары күрделене түскен.
Ал 2024 жылғы 2 наурыздан бастап Атырау облысы Құрманғазы ауданында Каспий теңізінің жағалауында Құрманғазы ауылынан 40 шақырым жерде, Құрманғазы орманшылығы КММ аумағында 1000 га алаңда қамыс өртенген болатын. Мұнда да жердің сулы-батпақты болуы себепті, әрі жолдардың болмауынан өртті сөндіру қиынға соққан.
Айта кетейік, ТЖМ жанынан орманды күзету мен қорғау қызметі құрылады. Уәкілетті орган, уәкілетті органның ведомствосы, аумақтық бөлімшелер, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың жергiлiктi атқарушы органдар, орман иеленушiлер, орман пайдаланушылар орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.