Президент тасқын судан кейін елдімекендерді қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан кейін елдімекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді. Бұл жайлы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында айтты.
Мемлекет басшысы тасқын судан кейін халық еңсесі көтерілетінін, ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын айтты.
«Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң, одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін»,– деді президент.
Тоқаев алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалғанын, мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын айтты Сонымен бірге зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріліпі жатқаны, бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы берілетінін ескертті. Солайша мемлекет бүлінген баспаналарды жөндеп, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салып береді. Бұл үйлер қауіпті жерлерге салынбайды. Құрылыс жаңа орындардан бой көтереді.
«Өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елдімекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын»,– деді президент.
Айтуынша, азаматтар экономикалық әлеуеті зор және экологиялық ахуалы жақсы елдімекендерден баспана алып немесе үй салып, қоныс аудара алады. Қауіпті жерде орналасқан елдімекендерді көшіру туралы шешім тасқын судан зардап шеккен әрбір отбасының пікірін ескере отырып, жан-жақты ойластырып қабылданбақ. Сонымен бірге үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады. Президент әр елдімекен қайырымдылық көрсетуге ниетті кәсіпкерге бөлініп берілетінін айтты.
«Әрбір елдімекендегі жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге ол қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегерілетінін, сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайтынын атап өтті.