Тоқаев ТЖМ-ның тікұшақтары мен ұшақтары көбейетінін айтты

Жарияланды
техникалық базасы
ТЖМ-ның техникалық базасы жаңарады / Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасы жаңарады. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында айтты.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз»,– деді президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылатынын, оның жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысатынын айтты. Сонымен бірге ол табиғи ресурстарды сақтап, оған қамқорлықпен қарау маңыздылығына тоқталды.

«Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн. Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Ескертемін, бұл – ешқандай да бір реттік іс-шара емес. Барлық өңірде аумақты көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі», – деді Тоқаев.

Бұл науқан барысында қалалар мен ауылдарды абаттандырылатынын, бұл орайда әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс екенін айтты.

Еске сала кетсек, ассамблея отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынының зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатынын, соған орай мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілетінін айтты. Сонымен бірге президент су тасқынының зардабын жою үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат бергенін, елде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз