Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылады, мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі – Тоқаев
Үкімет тасқын судың зарбадын жою үшін мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режиміне көшеді. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы барысында айтты.
Президент су тасқынының зардабын жою үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат бергенін, елде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатқанын мәлім етті. Сонымен бірге қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауға көшкенін, халықтың қиын-қыстау кезеңде біріккенін атап өтті.
«Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін»,– деді президент.
Президент мемлекет бөлген және қайырымдылықтан жиналған қаражат елдімекендерді қалпына келтіруге жұмсалатынын, сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде берілетінін айтты. Бұл орайда ешкімнің де елеусіз қалмайтынын, шығын толық өтелетінін мәлімдеді. Сонымен бірге мемлекет басшысы тасқын суға байланысты бюджет шығыстарын азайтуды тапсырды.
«Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды»,– деді президент.
Еске сала кетсек, президент 1 сәуірде су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысы пайдаланылатынын тілге тиек етті. Сонымен бірге мемлекет басшысы су тасқынына қатысты Үкіметке қойылатын талап та қатаң болатынын ескертті. Ол Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайтынын, жауапкершілік алудан қашатынын айтты. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады деп сынады. Мемлекет басшысы жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату мәселесі қаралатынын баса айтты. Сонымен бірге су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеуді тапсырған болатын.
Сонымен бірге президент тасқын суға байланысты 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумы өтпейтінін мәлімдеді. Ақорда су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа бағыттарға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу мақсатында прещиденттің осындай шешім қабылдағанын жеткізді.