Жаңалықтар

Густав Климттің 100 жыл бойы жоғалып кетті деп саналған картинасы аукционда сатылды

Густав Климттің 100 жыл бойы жоғалып кетті саналған картинасы аукционда сатылды / Eva Manhart/APA/dpa via Reuters Connect

Аустриялық суретші Густав Климттің 100 жыл бойы жоғалып кетті деп саналып келген картинасы Венадағы аукционда сатылды. 

«Фройляйн Лизердің портреті» деп аталатын аяқталмаған картина 30 млн еуроға сатылды. Картинаны салуға Климт қайтыс болардан 1 жыл бұрын, яғни 1917 жылы еврей индустриал отбасы тапсырыс берген. Дегенмен суретте бейнеленген әйел кім, нацизм гүрлеп тұрған заманда картина қайда болды сынды картинаға қатысты сұрақ көп. 

Өнер тарихшылары Тобиас Наттер мен Альфред Уейдингер картинада Адольф Лизердің қызы Маргарет Констанс Лизер бейнеленген дейді. Бірақ туындыны аукционға шығарған веналық im Kinsky аукцион үйі суреттегі Адольфтің бауыры Юстус Лизердің екі қызының бірі немесе әйелі Генриетта болуы мүмкін екенін айтады

Генриеттаны жақындары Лилли деп атаған, әйел заманауи өнерді түсінетін, жақсы көретіндердің бірі болған. Нацистер әйелді депортациялап, холокост кезінде Освенцим концентрация лагерінде қайтыс болған деседі. Ал қыздары Хелен мен Энни Екінші дүниежүзілік соғыстан аман қалған. 

Аукцион үйі картинаға 1925 жылдан кейін не болғаны туралы дерек жоқ дейді. «1960 жылы жүк тасымалдаушы сатып алып, қазіргі иесіне үшінші адамнан мұраға жеткенін ғана білеміз», – дейді im Kinsky. Картинаның қазіргі аустралиялық иелері туралы ақпарат берілмеді.

Картина Адольф пен Генриетта Лизердің мұрагерлерінің атынан сатылды. Мұра Уашиңтон принципі бойынша, яғни нацистер ұрлаған өнер туындыларын бұрынғы иелерінің мұрагерлеріне қайтару туралы халықаралық келісім негізінде қайтып берілген. 

Іm Kinsky өкілі Эрнст Плоил ВВС-ге: «Уашиңтон принципіне сәйкес барлық отбасымен келісіміміз бар», – деді. Іm Kinsky каталогында бұл келісімді «адал әрі әділ шешім» деп көрсеткен. 

Дегенмен Аустралиялық еврей қауымдастығының атқарушы директоры Эрика Якубовиц көптеген сұраққа әлі де жауап берілмегенін айтты. Сондықтан бұл істі «тәуелсіз тарап» тергеуі керек деген ұсыныс білдірді. «Өнер туындыларын реституциялау, яғни қалпына келтіру, қайтару өте нәзік сұрақ. Барлық зерттеу дәл, анық жасалып, нәтиже барлығына түсінікті және шынайы болуы керек», – дейді Якубовиц. 

Климттің туындылары бұрын да аукциондарда өте қымбатқа сатылатын. Оның «Желпуіш ұстаған әйел» картинасы  2023 жылы маусымда Sotheby’s аукционында 85,3 млн фунт стерлиңге сатылып, Еуропа аукционында бұрын-сонды сатылған өнер туындыларының ішіндегі ең қымбаты ретінде есте қалды.