БҚО-да 20 жылдан бері су бармаған көлдерге 30 млн текше метр су жіберілді. Балқашта су деңгейі көтерілуде.
Қазіргі уақытта Ресейден келіп жатқан тасқын су елдегі қоймаларға құйылуда.
Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген су Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне ағып жатыр. БҚО-дағы Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасында 226 миллион текше метр су жиналды. Қоймалардың 87%-ына су толды. Сарыөзен бойындағы төрт су қоймасы 91%-ға толды, бұл – шамамен 102 миллион текше метр су. Қараөзен бойындағы үш су қоймасына 69 млн текше метр су жиналды (66%). Осы екі өзендегі су тасқыны аяқталды.
«Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 859 см, бір тәулікте 2 см-ге төмендеді. БҚО Бәйтерек ауданы Чувашинское кентіндегі Шаған өзенінің деңгейі 739 см, бір тәулікте 3 см-ге төмендеді, Белес кентіндегі Дерқұл өзенінің деңгейі 231 см. «Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева ОКҚ брифингінде.
СҚО-да жағдай әлі күрделі
Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Астана контрреттегішінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,75 млн текше метр су жіберіледі.
Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі қоймадағы су кемеріне келді. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасы арқылы судың асып кету биіктігі 298 сантиметрге дейін төмендеді. Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1300 см. Өңірдегі жағдай шиеленісті болып қала береді.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші шамамен 81,6%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 54%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберіліп жатыр.
Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.
Балқашқа Іле өзенінен су құйылып жатыр
Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді. Егер 1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, қазір бұл көрсеткіш 174 см-ге жетті. Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2 текше шақырымнан астам су жіберуге мүмкіндік туды.
Қамыс-Самар көлдеріне 30 млн текше метр су жіберілді
«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы Ресейден келген тасқын суының 30 млн текше метрін облыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберді. Айта кету керек, соңғы 20 жылда бұл көлдерге су бармаған. Бұдан бөлек, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары құрғауға айналған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына тасқын суын жіберуге ниетті. «Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Жәнібек сорғы станциясын іске қосу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Нысан Ресей Федерациясының Волгоград облысынан келген суды Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының 9 ауылдық округінің аумағына айдайды. Биыл 25,8 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Суару маусымына дайындық аясында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы «Қазсушар» филиалы 30 гидропостқа, оның ішінде Күрті су қоймасындағы гидропостқа жөндеу жүргізді. Ал, Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Шідерті лиманды суару жүйесіне су жіберуді жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда 40,4 млн текше метр су жиналды, 11,5 мың гектар лиман сағасы суланды. Сондай-ақ Көлбай лиманды суару жүйесін де суландыру жұмысы жүріп жатыр. Шамамен лиманның 800 гектары қамтылды. Беловод топтық су құбырында айналымды сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу, магистральдық желіні тексеру және қажет болған жағдайда құдықтардағы еріген қар суын айдау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ықтимал су тасқынынан қорғау үшін №1 сорғы станциясында бөгет құрылысы жүріп жатыр.
Егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету сапасын жақсарту мақсатында «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы теңгеріміндегі мемлекетаралық «Ханым» каналының 15 мың текше метрден астам бөлігінде механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 17 мың текше метрден астам лай тұнбасы шығарылды. Сондай-ақ, Түркістан филиалы «Найман» каналының 6 шақырым бөлігін бетондады.