Қазақстаннан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға тыйым салу мерзімі ұзартылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Металл сынықтары мен қалдықтарына қатысты бұйрық 5 мамырда күшіне енеді /Фото: kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан аумағынан қара және түсті металл сынықтарын әкетуге тыйым салу мерзімін тағы алты айға ұзартты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығына сәйкес 5 мамырдан бастап Қазақстаннан металл сынықтары мен қалдықтарының белгілі бір түрлерін экспорттауға тыйым салынады.

Бұл мыс, алюминий, қорғасын сияқты материалдардың қалдықтары мен сынықтары, қорғасын аккумуляторлары, істен шыққан қорғасын аккмуляторлардың қалдықтары мен сынықтары, құрамында қорғасыны, кадмийі немесе сынабы бар материалдарға қатысты болмақ. Бұйрықта көрсетілгендей аталған материал түрлерін кез келген тасымалдау әдісімен экспорттау мүмкін емес.

Бұл шектеу шаралары металл сынықтарының тапшылығын көріп отырған отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және металл сынықтарының заңсыз айналымымен күресу үшін енгізілуде.

Айта кетейік бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстан экспорттайтын үздік тауар түрлерін атаған еді.

Вице-министр сөзінше, металл өнімдері шет елдерге экспортталатын тауарлар ішінде көш бастап тұр.

«Бұл, әрине, металдар – түсті және қара, олар алғашқы бестікті қамтиды. Астыққа келетін болсақ, біз әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің біріміз, бірақ ол Қазақстанның экспортында маңызды рөл атқармайды. Металл халықаралық әдістеме бойынша қайта өңделген өнім болып саналады», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметі сирек және жерде сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған.

«Жобаны іске асыру үшін жоспарланған шығын көлемі республикалық бюджеттен 11,79 млрд теңгені құрайды. Тиісті бюджеттік өтінімдер заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберілетін болады», – делінген жоба түсіндірмесінде.

Сондай-ақ оқыңыз