Үш облыстағы ауру мал көмілген 12 нысан су астында қалды. Жұқпалы ауру таралуы мүмкін бе?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда су тасқынынан кейін жұқпалы аурулар тарай ма? / Фото: ТЖМ

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қауіпті аурулары бар мал көмілген 12 нысанды су басқан. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлім етті.  

Сенаттың жалпы отырысында Айжан Есмағамбетова су тасқынынан кейін жасалған зерттеу нәтижесін жариялады. Министр орынбасарының айтуынша, қазір су басқан қауіпті ошақтарда мамандар тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Топырақтан сынамалар алынған.

«Зерттеу нәтижесінде потогенді микроағзалар анықталмады. Бірақ оған қарамастан сібір жарасы және басқа аурулары бар мал көмілген орындарға дезинфекция жасалды. Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасы және мал көмілген орындарды әлі де су басып тұр. Бұл аумақтар да зерттеліп, потогенді микроағзалар анықталмады. Су тартылғаннан кейін, тағы да осындай жұмыстар іске асырылады», – деді Айжан Есмағамбетова.

Ал сенатор Бибігүл Жексенбай тасқыннан соң, өңірлерде жұқпалы аурулар таралады деген қауіп барын айтты. Сенатор экологтар мен ветеринар дәрігерлердің қарғын судан сібір жарасы көмілген жерлер ашылады деген болжамын жеткізді.

«Қарғын су кезінде кеміргіштер түрлі гепатит, тырысқақ, сүзек және тағы басқа қауіпті аурулардың қоздыршығы болатыны белгілі. Көрші Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр. Осыған байланысты келісімге қатысушылардың арасындағы жұқпалы аурулардың өршуін алдын алу бойынша әрекет алгоритмі қандай? Жалпы міндеттемелерді орындамағаны үшін сондай-ақ жұқпалы аурулардың таралуы кезінде тараптарды уақтылы хабардар етпеген жағдайда нақты қандай жауапкершілік көзделген?», – деп сұрады Сенат депутаты денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетовадан.

Вице-министр бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты.

«Бірақ су тасқыны басталғаннан бері Ресейдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігермен байланыстамыз. Әрбір 2-3 күн сайын осы эпидемиологиялық жағдай туралы және судың қауіпсіздігі, суды зерттеу нәтижесі және қолданылатын профилактикалық эпидемиологиялық шаралармен алмасамыз», – деп түсіндірді ол.

Айжан Есмағамбетова атап өткендей, сумен таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында судың қауіпсіздігі бойынша бақылау шаралары күшейген.  

«Осы күнде судың 10 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Олардың нәтижесі бойынша сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен», – деді денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазір су астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар объектілер қалған. Оларға күн сайын мониторинг жасалады. 4 мыңнан астам нысанда дезинфекциялық жұмыс жүргізілген. Оған Қорғаныс министрлігінің мамандары көмектесіп жатыр.

Таяуда денсаулық сақтау министрлігі «Курсивке» су тасқынынан кейін өңірлердегі санитарлық эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауын болдырмау үшін не істеу қажеттігін айтып берді.

Өңірлерде санитарлық жағдайды қалпына келтіру қалай жүзеге асырылады?

Қаулыға сәйкес, су тасқынына байланысты елдімекендерге жиналып қалған қоқыс қалдықтарын жергілікті атқарушы органдар тазалауы керек.

«Қаулыда жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны жағдайын тұрақтандыру кезінде арнайы бөлінген учаскелерде жиналған қалдықтарды кәдеге жарата отырып, елдімекендердің аумақтарын – жеке үй иеліктері, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары, зираттар, контейнерлік алаңдар және басқа да объектілерді санитариялық тазалауды қамтамасыз ету ұсынылған», – делінген министрлік жауабында.

Министрлік жергілікті әкімдік осы талаптарды дұрыс орындаған жағдайда тұрғындардың денсаулығына қауіп төнбейтінін жеткізді.

Экологиялық жағдай қалай реттеледі?

Сонымен бірге су тасқынынан кейін елдімекендердегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шаралары жөнінде Экология министрлігіне де сауал жолдағанбыз. Министрлік елдегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шараларын да жүзеге асыру жергілікті әкімдіктерге жүктелгенін хабарлады.

Министрлік хабарлауынша, су басқан аумақтардың флорасы мен фаунасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта су басқан аймақтардағы барлық ағаш өсімдікті негізінен өздерінің вегетациялық кезеңін әлі бастамаған. Осыған байланысты, судың өтуі және уақытша су тасқыны өсімдіктерге қатты зиянкелтірмейді деп болжайды мамандар.

Сондай-ақ оқыңыз