Азия Даму Банкінің Қазақстан бойынша жаңа директоры болып Үндістан азаматы тағайындалды
Азия даму банкі (АДБ) Қазақстан бойынша жаңа директорын тағайындады Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, Утсав Кумар бүгін қызметіне кіріскен. Ол жақында АДБ Орталық және Батыс Азия департаментінің кеңесшісі болып тағайындалған Нариман Маннапбековті алмастырды.
Утсав Кумарға АДБ-ның елдегі операцияларын басқару, банктің үкіметпен және басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтастығын дамыту жүктеледі. Ол АДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған елдік әріптестік стратегиясын іске асыруға жетекшілік етеді.
Аталмыш стратегия мемлекеттік және жекеше секторға, білім және институционалдық даму саласындағы шешімдерге инвестициялар салу арқылы Қазақстанның тұрақты әрі инклюзивті өсімге қол жеткізуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Утсав Кумардың 18 жылдық халықаралық жұмыс тәжірибесі бар, соның ішінде АДБ-да 11 жылдан астам жұмыс істеген. Қазақстанға тағайындалғанға дейін Шри-Ланкадағы АДБ-ның ел бойынша директорының орынбасары қызметін атқарған.
Үндістан азаматы Мэриленд университетінен (Колледж Парк, АҚШ) экономика докторы және магистрі дәрежесін, сонымен қатар Дели университетінен (Үндістан) экономика магистрі және бакалавры дәрежесін алған.
Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Сол сәттен бері мемлекеттік және жекеше секторлардағы жобалар үшін бөлінген АДБ қаражаты 7 млрд астам АҚШ долларын құрайды. Оның акционерлері – 68 ел, оның ішінде 49 ел аймақта орналасқан.
АДБ жақында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2024 жылы мұнай өндірісінің тұралауына байланысты төмендейді деп болжам жасаған. Ал 2025 жылы өндіріс пен инвестициялардың өсуі есебінен қалпына келмек.
Былтыр Азия даму банкі (АДБ) Азия-Тынық мұхиты аймағындағы дамушы елдердің экономикалық өсу болжамын 4,8%-дан 4,7%-ға дейін төмендетті. Банк сәйкес, 2024 жылы ЖІӨ өсімінің болжамы 4,8% деңгейінде қалды.