Қатарлық инвесторға сатылатын Bereke Bank 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді
Қатарлық инвесторға сатылатын Bereke Bank 2023 жыл үшін дивиденд төлемейтін болды. Жалғыз акционердің шешімі Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.
Акционер бұл шешімін банктің меншікті капиталының төмендеу қаупімен түсіндірген. Банктің былтыр тапқан 28,9 млрд теңге таза пайдасы акционерлік қоғам меншігінде қалдырылған.
2022 жылы таза табыс таппаған Bereke Bank дивиденд төлемеген еді. Өйткені сол жылды 124,5 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Сол укезде банктің активтері 2,5 есе – 4,2 трлн теңгеден 1,69 трлн теңгеге, міндеттемелері 3,8 трлн теңгеден – 1,56 трлн теңгеге, меншікті капиталы 378,5 млрд теңгеден 133, 7 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Қор биржасындағы 2023 жылдың қазан айындағы дерек бойынша, банктің меншікті капиталы 151,6 млрд теңгені құрайды. Жиынтық активтерінің көлемі 1,8 трлн теңгеге тең болса, жиынтық міндетттемесі 1,7 трлн теңгегі құрайды.
Ұлттық банк ЕДБ-дан меншікті капитал жеткіліктілігінің k1, k1-2 және k2 коэффициенттерін активтер, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелер, операциялық тәуекелдердің 5,5%, 6,5% және 8%-нан кем болмауын талап етеді.
Сонымен қатар меншікті капитал жеткіліктілігі коэффициенттерінің мәндеріне қосымша, меншікті капитал буфері 2 пайыздан кем болмауы шарт.
Қаржы ұйымының 2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебіне сәйкес, меншікті капитал жеткіліктілігінің коэффициенттері 10,58 пайыз айналасында қалыптасқан.
2024 жыл басынан бергі таза пайдасынан келер болсақ, 21 ЕДБ арасында Bereke Bank ең нащар көрсеткішке ие. Бір жыл бұрын 4,1 млрд теңге тапқан (-94%) банк қаңтар-ақпан айында небәрі 255 млн теңге табыс тапқан.
Қаржы ұйымын «Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік «Сбербанктен» сатып алған.
Bereke banкті Қатардан келген инвестор сатып алатыны ақпанда белгілі болды. Инвестор Bereke bank-ті бағалап жатыр, соның нәтижесінде қаржы институтының құны анықталмақ. Қатар инвест банкі Lesha Bank 2024 жылғы 14 ақпанда «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.