Жаңалықтар

TikTok-тың қытайлық бас компаниясы мобильді қосымшаны сатуды қаламайды

TikTok-қа тыйым салу
TikTok-тың қытайлық бас компаниясы мобильді қосымшаны сатуды қаламайды / shutterstock

TikTok-тың қытайлық бас компаниясы ByteDance АҚШ-та тыйым салатын заң қабылданғаннан кейін мобильді қосымшаны сатуға ниеті жоқ екенін айтады.

«ByteDance-тің TikTok-ты сату жоспары жоқ», – деп жазған компания әлеуметтік медиа платформасындағы ресми аккаунтында.

BBC ақпаратына сүйенсек, апта басында TikTok АҚШ сотында елде қабылдануы мүмкін заңға қарсы шығып, оны «АҚШ конституциясына сай емес» деп қарсы шыққан.

Сату немесе тыйым салу туралы заңға АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбіде қол қойды. Ол TikTok-тағы пайдаланушылардың жеке деректерін Қытай үкіметі бақылап отырады деп алаңдаушылық білдірген. Алайда әлеуметтік желі бұл айыптауды жоққа шығарған.

Әзірге TikTok АҚШ-та дереу тыйым салу қаупіне ұшырамайтыны белгілі. Жаңа заң ByteDance-ке бизнесті сатуға тоғыз ай және ықтимал тыйым салынғанға дейін қосымша үш айлық жеңілдік кезеңін береді.

Елдің бұрынғы президенті Трамп та АҚШ-та TikTok-ты, сондай-ақ қытайлық WeChat мессенджерін бұғаттауға тырысты. Reuters агенттігінің жазуынша, 2020 жылы оның бастамасына сот тосқауыл қойған. Қазіргі уақытта Америка Құрама Штаттарында шамамен 170 млн адам TikTok пайдаланады.

Осыған дейін Ұлыбритания мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салды.

19 сәуірде Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігі ел аумағында TikTok платформасының жұмысын ресми түрде тоқтатты.

Қазақстанда да TikТok бұғаттала ма? 

Қазақстанда да сервисті бұғаттау мәселесі көтеріліп жүр. Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, TikТok желісіне шектеу енгізуді сұраған. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

22 сәуір күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді.

TikTok өкілі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қосымшаны шектеуге қатысты пікіріне жауап берді

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таңқалдық. Өйткені министрлік біздің Қазақстандағы Наурыз онлайн-фестивалі және шығармашылық қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамамызды белсенді түрде қолдап келді. Мәселен, өткен жұмада Алматыдағы іс-шарамызда министрліктің өкілі сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде жоғары бағалады»,– дейді компания өкілі.