«Қазақтелеком» акциялар қымбаттауы мүмкін деп болжаған Feedom Broker сарапшылары оны сатып алуды ұсынады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Қазақтелеком» акциялары қаншалықты қымбаттайды ? / Фото: Қазақтелеком

Freedom Broker сарапшылары «Қазақтелекомның» бір акциясы қазіргі бағасынан тағы 25%-ға өсу әлеуеті бар деп есептейді. Бұл туралы компанияның кезекті шолуында жазылған.

«Өсу әлеуетін қазіргі 34 260 теңгеден +25%, яғни 42 700 теңгеге дейін арттырдық. Ұсыныс – «Сатып алу», – деп хабарлады компания.

Бұған дейін «Қазақтелеком» 2023 жылдың IV тоқсанының қорытынды есебін жариялады.

Оған сәйкес еркін ақша айналымы 30,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен тоқсанның нәтижесінен 43,7 млрд теңгеге жоғары. Компанияның тоқсан сайынғы капиталы 87 млрд теңгеден 32 млрд теңгеге дейін күрт төмендеген. Сонымен бірге операциялық ақша ағындары 63 млрд теңгені құрады. Бұл үшінші тоқсандағыдан 15%-ға аз. Бірақ 2023 жылдың алғашқы екі тоқсанымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

«Тұтастай алғанда, есепті бейтарап деп атауға болады. Өйткені компания пайдасының өсуіне қарамастан, кірістілігі аздап төмендегені байқалады. Тоқсандық кірістің жаңа рекордтық көрсеткішке жеткенін де атап өткіміз келеді. Бағалау үлгісінде біз Kcell акцияларының бағасының өсуіне байланысты,таза қарыз коэффициентін, сондай-ақ бақыланбайтын үлестің нарықтық құнын арттырдық. Екінші жағынан, алдағы жылдарға арналған кірістер болжамының ұлғаюын, сондай-ақ капитал нарығындағы мемлекеттік облигациялар кірістілігінің төмендеуі аясында капиталдың орташа алынған құнының төмендеуін атап өтеміз», – деп ескетті Freedom Broker сарашылары.

Төртінші тоқсандағы кірістілік алдыңғы тоқсандарға қарағанда айтарлықтай төмен болды. Негізгі құлдырау өткен жылғы 32%-дан 28%-ға дейін төмендеген жалпы кірістілік есебінен тіркелді. Тоқсандық шығындар 22%-ға өсті, бұл негізінен амортизациялық аударымдар мен персонал шығындарының 41%-ға артуына байланысты. EBITDA амортизациясының ұлғаюына қарамастан, кірістілік өткен жылы аздап төмендеді.

Еске сала кетсек, 2023 жылы компанияның салыққа дейінгі пайдасы 18,4%-ға, 134,237 млрд теңге, операциялық пайдасы – 11%-ға төмендеп, 161,311 млрд теңгені құрады. Жалпы пайда 1%-ға өсіп, 237,728 млрд теңгеге жетті. Компанияның активтері 15,2%-ға өсіп, 1,483 трлн теңгеге, міндеттемелері – 22,1%-ға, 679,338 млрд теңгеге, меншікті капиталы – 10%-ға, 803,662 млрд теңгеге дейін өсті. Жарғылық капитал 12,136 млрд теңге деңгейінде қалған.

«Қазақтелеком»  – жергілікті телекоммуникация нарығында басымдыққа ие компания. Ол Kcell ұялы байланыс операторының 51% акциясына, сондай-ақ «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС (МТС, Tele2/ALTEL) 100% акциясына ие.

Қазақстан қор биржасындағы 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша «Қазақтелеком» АҚ негізгі акционерлері «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры (71,32%) «First Heartland Jusan Bank» АҚ (8,10%). Айта кетейік, 2023 жылдың соңында S&P Global Ratings және Fitch Ratings Қазақтелекомның кредиттік рейтингтерін тиісінше «ВВ+» және «ВВВ-» деңгейінде мақұлдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз