Жаңалықтар

Әлемде алғаш рет жасанды интеллектімен жасалған арулар сайысы өтеді

Әлемде алғаш рет жасанды интеллектімен жасалған арулар сайысы өтеді / pexels, бильд-редактор: Аружан Махсотова

The Fanvue World AI Creator Awards (Әлемдік ЖИ креатолар марапаты) ЖИ арқылы жасалған арулар қатысатын алғашқы әлемдік сұлулық байқауын ұйымдастырды. Жеңімпаздарды марапаттауға 20 000 АҚШ доллары бөлінді. 

Fanvue Miss AI байқауының қатысушылары үш категория бойынша жарысқа түседі. Ең әуелі ЖИ моделінің сырт келбеті бағаланады. Көркі, өзін-өзі ұстауы мен бірқатар сұраққа ұтымды жауап бере алуы талқыланып, есепке алынады

Одан кейін қазылар алқасы ЖИ құралдары қаншалықты қолданғанын саралайды. Дағды, ЖИ құралдарын ұтымды қолдану, көз бен қол айналасында визуал детальдарды дұрыс пайдалана алу сияқты креатордың қабілетіне назар аударылады. Үшінші ретте, әлбетте, модельдердің әлеуметтік желілердегі ықпалына да көңіл аударылады. ЖИ арқылы жасалған «арудың» оқырмандарымен байланысы, аудиториясының өсуі, әлеуметтік желілердегі Instagram сияқты басқа да платформалардағы белсенділігіне баға беріледі. 

Қатысушылар өз «туындыларын» таныстырып қана қоймай, креаторларға «Әлемді жақсарту үшін тағы қандай үлес қоса аласыз» сынды сұрақтар қойылады. 

Fanvue Miss AI байқауына қатысуға ұсыныс білдіргендер арасынан 10 үздік жұмыс таңдалып, мамыр айында өтетін онлайн марапаттау рәсімінде 3 финалист таңдап алынады. Жеңімпазға 5000 АҚШ доллары беріліп, құны 3000 АҚШ доллары болатын «суреттер жасау тәлімгерлік бағдарламасына» қатысуға жолдама алады. 

Бағдарлама негізін қалаушылардың бірі Уилл Монанаж бұл марапат ЖИ креаторлар экономикасында Оскарға айналады деген сенімін де жасырмады. «Креатив экономика саласы қазіргі таңда өте қызық алаңға айналды. Платформамыздың көмегімен ЖИ креаторларының саны күн сайын көбейіп жатыр. Осылайша жанкүйерлер базасы мен контент монетизациясы да жедел дамып жатыр», – дейді Монанаж.

Британиялық байқаулар тарихшысы Салли-Энн Фосетт – қазылар алқасының мүшесі. Қазылар алқасында тек екі адам ғана бар, қалған комиссия Эмили Пеллигрини мен Айтана Лопез сынды ЖИ модельдері. Естеріңізде болса, Эмили Пеллигрини былтыр әлеуметтік желілерде парақша ашып, тез арада танымал тұлғаға айналған еді. Бірқатар жұлдыз бен белгілі футболист оны шын адам ретінде қабылдап, кездесуге ұсыныс білдірген болатын. Ал Айтана Лопез – «испаниялық модель». Оны жасап шығарған еркек «туындысы» арқылы айына 10 000 еуро табыс тауып отыр. 

Жақында Фосетт Daily Mail басылымына «Дәстүрлі шоуларды зерттеумен айналысатын тарихшы ретінде осындай футурист іс-шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Дәстүрлі байқаулар қатысушылары мен ЖИ модельдері арасында ұқсас параллельдер көп екені қызық. Олардың аудиториямен байланысы да ұқсас», – деп сұхбат берді. 

Көпшіліктің жасанды интеллект келешекте шығармашылыққа қатысты саланы басып алып, мамандардың жұмыссыз қалуына себеп болуы мүмкін деген уайымы бары рас. Бірақ ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар арқылы басқа месседж жолдағандай көрінеді. Олардың айтуынша: «Көбі сұлулық байқаулары әйелдерді дегуманизациялайды деген сын айтады. Сондықтан ЖИ модельдерін шақырып, балама жол таптық». Дегенмен осы сынды сұлулық байқаулары сұлулық стандарттарын одан сайын биіктетіп жібереді деген күдік жоқ емес. Компьютер арқылы жасалған «мінсіз» бейне көптің санасын уламасына кепіл жоқ. Сондықтан байқауда қойылатын «Әлемді жақсарту үшін тағы не істей аласыз?» деген сұрақ қаншалықты орынды деген сауал туындайтыны рас.