«Майқайың» АҚ-ға қарасты кәсіпорынды «Алтыналмас АҚ» қалпына келтірмек

Жарияланды
kursiv.media

«Майқайыңалтын» АҚ акционері кәсіпорындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін бағалау және тау-кен барлау жұмысын қалпына келтіру мақсатында «Алтыналмас АҚ» АҚ-ны тартуға шешім қабылдады.

 «Алтыналмас» АҚ – геологиялық, тау-кен өндіру және алтын өңдеу бойынша көшбасшы компаниялардың бірі. Алтын өңдеу ісі және ресурс көлемі бойынша алғашқы кен байыту комбинаттары арасында алғашқы үштікте орын алады.

«Алтыналмас» АҚ туралы не білеміз?

Қазақстанның 9 кен орнында  құрамында алтыны бар кенді өндіреді.
Компанияның активтері Қазақстанның 4 өңірінде – Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында бар.  Пайдалы қазбалар «Ақбақай», «Долинное», «Ақсу» алтын өндіру зауыттарында, «Пустинное» байыту фабрикасында және «Алтыналмас Technology» бағалы металдарды өндіру зауытында өңделеді.

KASE ұсынған ақпаратта компания акцияларының сомалық нарықтық құны – 279 391,66 млн KZT ($628,95 млн) деп көрсетілген. Бірінші жетекші – басқарма төрағасы Баламир Маханов екені жазылған.

26 сәуір күні «Майқайың» АҚ-ның бас директоры лауазымына Қайролла Жүрсінбаев тағайындалды. Қайролла Жұманғалиұлының тау-кен саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Жаңа басшы әр түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейтін кәсіби мамандарды жұмысқа тартпақ.  

Кәсіпорын ұжымы қысқа мерзімде өндірісті іске қосу, оңтайлы еңбек жағдайын жасау, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстанады.

«Жоғарыда аталған шешімдерді қабылдауға 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында орын алған қайғылы жағдай себепші болды. Құтқару қызметінің екі маманы – Айып Тілеубергенов пен Айдос Шаймерденді одан әрі іздестіру мүмкіндігін бөлек қарастырамыз. Кез келген кәсіпорын үшін адам ресурстарын қадірлеу, әрине, бірінші кезектегі міндет болып табылады», – делінген «Алтыналмас АҚ» баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Баянауыл ауданы шахтасындағы апат тарихы

Айта кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті. Автобуста төрт адам болған. Екеуінің мәйіті табылды.

Іздестіру жұмысы бірнеше күнге созылды. Бірақ қаза болған құтқарушылар мәйіті табылмады.

Атышулы оқиға соңы сотқа ұласты. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты  «Майқайың» басшылығын автобус апатына толық кінәлі деп таныды.

Айта кетейік, «Қазақалтын» компаниясы («Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорны) Ақмола облысындағы Степногорск қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Ақсу кен орнында алтын өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Бірыңғай экологиялық порталда жарияланған құжатта жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз