Абай облысындағы ірі өрт: Qazaq Astyq Group зауытында күнбағыс шемішкесінің қабығы өртенді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Өрт болған жерде жедел штаб құрылды / Коллаж: kursiv.media
(ҚР ТЖМ, бильд-редактор: Артур Алескеров)

Семейдегі Qazaq Astyq Group зауытының ашық аумағында күнбағыс шемішкесінің қабықтары өртенді. Жалын шарпыған аумақты сөндіруге 70-ке жуық адам мен бір өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Өрттің ауданы анықталуда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өрттің шыққаны туралы хабарлама 26 сәуір күні түскен. Қазіргі уақытта құтқарушылар Qazaq Astyq Group зауытының аумағында шыққан өртті сөндіруде. Өрт болған жерде жедел штаб құрылған.

 «Өртті сөндіруге Абай облысы ТЖД-дан 33 адам мен 9 бірлік техника, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтен 30 адам мен 5 бірлік техника және ЖШС жұмысшылары жұмылдырылды. Сонымен қатар өрт сөндіру пойызы мен ҚТЖ-дан 11 адам тартылды», – деп хабарлады Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Видео: ҚР ТЖМ

Айта кетейік компания майлы дақылдарды өңдейді, тазартылған май шығарады және экспорттайды. Qazaq astyq Group ЖШС май зауыты Семейде 2019 жылдың наурыз айында салына бастады. Құрылыс басталған кезде зауыт тәулігіне 1000 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдей алады деп хабарланған болатын. Qazaq Astyq Group «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 5,8 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алды.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Балқаш резерватындағы өртке байланысты полицияның қылмыстық іс қозғағаны туралы хабарлаған едік.

«Аталған факт бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің «Ормандарды жою немесе бүлдіру» деген 341-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, сегіз жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», – делінген ТЖМ хабарламасында.

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Алматы облысы Балқаш ауданының аумағында орналасқан. Резерват аумағы өте маңызды табиғи кешен болып есептеледі. Мұнда «Балқаш маңы» және «Іле өзенінің сағасы» атты екі маңызды учаске бар. 21 сәуірден бастап резерват аумағындағы құрғақ шөп пен қамыс өртенген. Өрт аумағы шамамен 18 гектар алқапты қамтыған. ҚР Төтенше жағдай министрлігі елдімекендерге қауіп төнбегенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз