МАЭК-тің тозығы жеткен сорғыларын жөндеуге 8 млрд теңге қажет

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
6
Фото: kursiv.media архиві

Ақтаудағы МАЭК-тің 6 сорғысы 100 пайыз тозған. Оларды ауыстыру үшін 8 млрд теңге қажет.

Лада сайтының жазуынша, екінші су арнасының теңіз сорғы станциясында 16 айналымдық сорғы орнатылған. Олар кеңес заманында салынған. Қазір соның ішінде 6 сорғы тозып тұр.

МАЭК бас директоры Қайрат Рахымовтың айтуынша, айналым сорғылары 2025-2026 жылдары ауыстырылмақ.

МАЭК кәсіпорны 1968 жылы құрылған. Аймақтағы өнеркәсіп орындарын, халықты электр энергиясы және сумен қамтамасыз етеді.

Былтыр жазда МАЭК жылу электр станциясында апат болып, №1 энергия блогы жұмысын тоқтатқан еді.

МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен бірге бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққан.

Атап айтқанда, «ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқтаған. «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша – 2400-ден астам ұңғыма, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма жұмысы тоқтап қалған.

Апаттың шығыны да үлкен. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары  Дәулетжан Хасанов бұл салада электр желісіне қатысты апаттар жиі болып тұратынын айтты. Соңғы 2,5 жылда электр энергиясын берудегі шектеулерге байланысты мұнайдың жалпы тапшылығы шамамен 280 мың тоннаны құраса, жоғалтылған пайда 60 млрд тенгеден асады екен.

Былтыр МАЭК-тегі апат Қазақстандағы мұнай өндірісінің 252 600 тоннадан 218 900 тоннаға дейін төмендеуіне алып келді. Бір күнде мұнай көлемі 13 пайыз қысқарған.

Маңғыстаудағы атом-энергетикалық комбинатында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылы 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз