Жаңалықтар

Алматыдағы сенбілік барысында 4 мыңға жуық алма ағашы отырғызылды

Алматыда 8 мыңға жуық көшет отырғызылды. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда қалалық сенбілік барысында 8 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Соның 4 мыңы – жеміс ағашы. Шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық акциясы аясында өткен. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

Жалпы 7 705 түп көшет егілсе, оның 4 015-і жеміс және 1 090-ы жапырақты ағаш және 2600-ы бұта.

Көшеттер ҮАК бойындағы солтүстігіндегі саябақ, ⁠ ⁠АLA саябағы, ⁠⁠Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында отырғызылған.

ALA саябағында алма бағы ашылып, онда 2,2 мыңнан астам көшет отырғызылды. Боралдай өзенінің бойындағы алаңға 1 мың түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Алатау дәстүрлі өнер театры жанынан да алма аллеясы пайда болды. Алмалы ауданында Ганди саябағы мен «АЗТМ» сквері абаттандырылды. Бостандық ауданында Тұңғыш Президент саябағы мен цирк маңына ағаштар отырғызылды. Медеу ауданында – Есентай өзенінің бойында, Әл-Фараби даңғылы мен Жамақаев көшесінің аралығында, сондай-ақ Алматы хайуанаттар бағының аумағында көшет отырғызылды.

Сонымен қатар қаланың басқа да аудандарында жеміс ағаштарының көшеті егілді.

Экология министрлігінің хабарлауынша, жалпы Қазақстан бойынша бүгін 100 мыңнан аса ағаш отырғызылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та  жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызған.

Еске сала кетсек, «Курсив» Алматыда қоғамдық алма бақ егу мәселесіне қатысты зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мамандарының пікірі алынды. Олар алма ағашын, әсіресе, қала маңындағы тау бөктеріне алма егудің аса маңызды екенін атап өтті.