Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге берілетін 100 үйдің құрылысы басталды
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 100 жаңа үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлер KAZ Minerals, Kazakhmys Holding және Kaspi.kz сынды компаниялар бөлген қаражатқа салынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған компаниялар су тасқынынан зардап шеккендерге 60 млрд теңгеге дейін қаражат бөлген, соның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына бағытталады.
Су тасқыны басталғалы облыста 3 898 үйді су басқан. Саяжай аумағында 6 597 учаске зардап шеккен. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су басқан тұрғын үйлердің 40%-ға жуығы одан әрі тұруға жарамсыз болуы мүмкін.
Солнечное-2 ауылында 100 үйдің құрылысы басталып кеткен. Оған 10 мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Баспананы жаздың ортасына дейін аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.
Сондай-ақ облыс әкімдігіне екі апта ішінде тұрғын үйлерді бағалап, оларды қалпына келтіру жұмыстарын бастау тапсырылды.
ТЖМ соңғы мәліметі бойынша, су тасқыны болған облыстарда 36 745 адам өз үйіне оралған. 6 909 адам эвакуациялау пунктерінде орналастырылған. Су тасқыны басталғалы бері 119 220 адам, оның ішінде 44 776 бала эвакуацияланды. 6 148 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан су бұрылып тазаланған.
Су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталады деген.