Жасанды интеллект технологиясы – кейінгі онжылдықтағы басты технологиялық трендтің бірі болды. ЖИ көптеген салаға түбегейлі өзгеріс әкелді және үлкен деректер саласындағы прогрестің, есептеу ресурстарының құнын төмендетудің және машиналық оқыту алгоритмдерін дамытудың арқасында бүгінде әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл мәселе біздің елде де өзекті, соған орай жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы да ұсынылған. Ұлттық банк дайындаған арнаулы баяндамада ЖИ-дің қаржы нарығына әсері мен аталған нарықтағы рөлі терең талданады.
Жаңа технологияның қаржы нарығына берер көмегі бар ма?
Мамандардың айтуынша, отандық қаржы ұйымдарында жасанды интеллект белсенді пайдаланыла бастаған. Алайда әлемдік ойыншылармен салыстырғанда әлі де арттамыз.
«ЖИ-дің енуі 2025 жылға қарай әлемдік экономиканың өсу қарқынын екі есе арттырып, бүкіл әлемде жұмыс орындарының орта есеппен 40%-на әсер етуі мүмкін. Қазақстанның қаржы нарығы машиналық оқыту технологияларын және жетілдірілген модельдеуді түрлі бағыт бойынша – кредит скорингінен бастап идентификацияға арналған компьютерлік қырағылыққа дейін қолданысқа енгізіп үлгерді. Ұлттық банктің рөлі – қаржы жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге қолайлы жағдай жасау. Ал оның алғышарты – ЖИ-ді «оқытуға» қажет деректерді пайдалану және қорғау, ЖИ-ді енгізуде бәсекелестікті ынталандыру, сондай-ақ бұлтты есептеулерді пайдалануды реттеудің сенімділігі және сол бойынша құқықтық орта қалыптастыру. Бұдан бөлек, негізгі модельдерді оқыту, open-source модельдерін оқшаулау және сол сияқты ресурстарды қажет ететін процестерді есептеу үшін керек инфрақұрылымның қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды», – дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Айтуынша, жасанды интеллект экожүйесін дамытудың дайын формуласы мен алгоритмі жоқ. Сондықтан табысқа жетудің негізгі кілті – нарық қатысушыларының ынтымақтастығы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, қаржы секторына жасанды интеллектіні енгізу – инновацияларды дамытуда және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда жаңа көкжиектер ашады.
«Агенттік қадағалау технологиялары (SupTech) және реттеу технологиялары (RegTech) саласындағы ЖИ-ді зерделеуге және енгізуге ерекше назар аударады. Бұл негізделген шешімдерді жедел қабылдауға және жүйелік тәуекелдерді бақылауға ықпал етеді. Қаржы саласындағы ЖИ-дің үйлесімді дамуы және қолайлы реттеуші ортаны қалыптастыру – реттеуші мен қаржы ұйымдары күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істегенде ғана мүмкін болады», – дейді ол.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, қаржы ұйымдарының жұмысына жасанды зердені енгізу қаржы қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігінің маңызды қозғаушы күшіне айналады.
«АХҚО-ның баса мән беретін дүниесінің бірі – қаржы нарығы мен қаржы қызметтерін дамыту үшін инновацияларға мән беру. Осы саладағы жұмысымыздың нәтижесі бірнеше бастамалар мен жобалар. Соның ішінде FinTech Lab реттеуші құм жәшігі, криптофиаттық арналарды тестілеу жөніндегі пилоттық жоба, АХҚО-да тіркеу қызметтерін толық цифрландыру және басқа да көптеген әзірлемелер болды. Жасанды интеллект – инновацияны дамытудың тиімді құралының бірі. Ол күнделікті тапсырмаларды автоматтандырады, деректерді талдауды және нарық үрдістерін болжауды жақсартады», – деп пікір білдіреді.
ЖИ дамуын ынталатындарын бастамалар қандай?
Баяндама авторлары ЖИ технологиясын дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін қаржы саласын реттеушілер мына бағыттар бойынша бірқатар негізгі бастамаларды қолға алады деп отыр:
- ЖИ дамуының бірыңғай стратегиялық желісін қамтамасыз ету үшін атқаратын жұмыстарды Үкімет бастамаларымен үйлестіру;
- Тұтынушылардың мүддесін қорғау және болуы мүмкін сын-қатерді азайтумен қатар ЖИ саласындағы инновацияларға ықпал ететін бірте-бірте ынталандыратын реттеу стратегиясын қолдану;
- Құзыреттерді дамыту және оларды одан әрі мамандарды даярлау және дамыту бағдарламалары арқылы қаржы нарығында қолдану, сондай-ақ білім мен үздік тәжірибелерді алмасу;
- Қаржы секторында тәжірибе жүзінде қолдануға бағытталған эксперименттерді жүзеге асыру және жобалар әзірлеу;
- Есептеу ресурстарын, бұлт қызметтерін және дерек алмасу платформаларын қоса алғанда, ЖИ технологиясының жұмысына қажет инфрақұрылымды дамыту.
Баяндама авторларының айтуынша, қаржы индустриясындағы генеративті ЖИ клиенттерге арналған чат-боттардың технологиясы ретінде кең таралған, дегенмен оның қызмет аясы әлдеқайда кең. Генеративті ЖИ мүкіндіктері тұтынушыларға стандартты қызмет көрсетуден асып кетеді, соның ішінде қаржылық талдауды автоматтандыру және бағдарламалық шешімдерді әзірлеу сияқты күрделі тапсырмалар бар.
«Көптеген жетекші әлемдік банктер мен сақтандыру компаниялары өз модельдерін құрып немесе қызмет ретінде ұсынылған шешімдерді біріктіру арқылы генеративті ЖИ-ді белсенді түрде зерттеп жатыр. Goldman Sachs, Deutsche Bank, American Express және Wells Fargo сияқты ірі компаниялардың мысалдары қаржы индустриясына генеративті ЖИ-ді кеңінен енгізу дәуірі басталғанын көрсетеді», – дейді сарапшылар.
ЖИ пайдалану үлесі: Қазақстанда және әлемде
Ал отандық қаржы нарығына қатысушылардың 31%-ы өз қызметінде ЖИ-ді қандай да бір дәрежеде пайдаланады екен. Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арасында жасанды интеллектті пайдаланудың максималды деңгейі – 60%. NVIDIA сауалнамасына сәйкес, қаржы ұйымдары арасында ЖИ-ді пайдаланудың орташа әлемдік көрсеткіші – 43%. Бұл қазақстандық қаржы нарығына қатысушылар арасындағы жалпы көрсеткіштен жоғары, демек отандық қаржы секторына ЖИ баяу бейімделіп және енгізіліп жатыр деген сөз.
Респонденттердің 45%-ы 2024 жылы жасанды интеллекітіні қолдануды жоспарлап отырғанын атап өткен. Жалпы, 2024 жылы жасанды интеллектіні дамыту жоспарлары осы технологияны қолданудың қазіргі деңгейіне тікелей байланысты екенін атап өтуге болады. Бұл бастапқы инвестициялар мен ЖИ енгізу тәжірибесі ұйымдардың осы технологияға инвестиция салуды жалғастыру ниетін күшейтетінін көрсетуі мүмкін.
Респонденттердің 37%-ы – ЖИ енгізудің ерте сатысында, 4%-ы – пилоттық жоба сатысында, 11%-ы – ішінара енгізу сатысында және 4%-ы ЖИ-ді толық енгізгенін атап өтті, олардың ішінде 3 банк пен 1 микроқаржы ұйымы бар.
17%-ы жасанды интеллектіні енгізу ішкі процестерді автоматтандыру деңгейін арттырғанын, 15%-ы клиенттерге қызмет көрсету деңгейін арттырып, тәуекелдерді басқаруды жақсартқанын, 9%-ы деректерді өңдеу дәлдігін жақсартқанын, 7%-ы шешім қабылдауды оңтайландырғанын және маркетингтік стратегиялардың тиімділігін арттырғанын айтқан.
Арадағы айырмашылық
«Операциялық тиімділік пен бәсекелестік артықшылық ЖИ әлемдік деңгейде барынша әсер ететін негізгі салалар саналады, бұл қазақстандық компаниялардың нәтижелерінен айтарлықтай ерекшеленеді. Қазақстандық компаниялардың сауалнамасының нәтижелері әрбір санатта төмен пайызбен ЖИ қолданудың артықшылықтары неғұрлым біркелкі байқалғанын көрсетеді. Бұл қазақстандық компаниялардың ЖИ әлеуетін әлі толық түсінбегенін және іске асырмағанын көрсетуі мүмкін. Қазақстан қаржы нарығында ең танымал ЖИ технологиясы – машиналық оқыту – 17% және компьютерлік қырағылық – 12%. Үлкен тілдік модельдер – 11%, табиғи тілді өңдеу, бизнес-процестерді роботтандыру, тілді түсіну және синтездеу – 10%. Жаһандық ойыншылар деректерді талдауды 69% пайдаланады, дата процессинг – 57%, табиғи тілді өңдеу – 47%, үлкен тілдік модельдер – 47% және генеративті ЖИ – 43%. Жалпы, Қазақстанда және әлемде жасанды интеллект технологияларының таралуы ұқсас деп айтуға болады, дегенмен Қазақстанда аз екені байқалады, бұл технологияларды қабылдаудың әртүрлі кезеңдеріне байланысты болуы мүмкін», – дейді сарапшылар.
Машиналық оқыту – Қазақстанда да, әлемде де ең танымал жасанды зерде технологиясы, дегенмен оның біздегі пайдалану үлесі айтарлықтай төмен. Neuro-linguistic programming және large language model сияқты тілді өңдеуге байланысты технологиялар Қазақстанда және әлемде шамамен бірдей қолданылады, бұл автоматтандыру және клиенттермен өзара іс-қимылды жақсарту мүмкіндіктеріне назар аударуды білдіреді. Бизнес-процестерді роботтандырылған автоматтандыру Қазақстанда басқа ЖИ технологияларымен салыстырғанда бірдей үлеске ие болды, бұл операциялық процестердің тиімділігін жақсартуға деген ұмтылысты көрсетуі мүмкін.
Ең инновациялық нарықтардың бірі
Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов Қазақстанның қаржы технологиялары нарығын әлемдегі ең инновациялық нарықтардың бірі деп санауға болады дейді.
«Қазақстан тұтынушысының инновацияларға ашықтығы, қуатты кәсіпкерлік бастамалар және проинновациялық реттеуші орта индустрияның өзгермелі жағдайларға тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Біз бұл революцияда қаржы нарығы да алдыңғы қатарда болуға тиіс екеніне сенімдіміз. Осы консультативтік баяндамада біз бүгінде нарықтың ахуалы қандай екенін, ЖИ базасында қандай шешімдер қолданылып жатқанын және Қазақстан қаржы нарығында ЖИ дамуының тұрақты экожүйесін құру үшін қандай бірлескен күш-жігер жұмсау керек екенін талдадық. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жобаларымен ЖИ саласындағы соңғы жетістіктердің елеулі синергиясын байқап отырмыз. Генеративті ЖИ-дің ашық банкинг принциптерімен синергиясы тұтынушыларға бұдан да ыңғайлы қызмет ала алатын «гипер дараланған» қаржыны дамытуға қуатты серпін береді. Алаяқтардың әрекетін анықтау және болжау үшін ЖИ қолдану Антифрод орталықтың даму бағыттарының бірі болады. Үкіметтің ЖИ-жобаларымен (мысалы, отбасының цифрлық картасы) қатар, жеке бағытталған және белсенді цифрлық теңге смарт-келісімшарттары мемлекеттің қолдау шараларының тиімділігін айтарлықтай арттыра алады», – деп өз пікірін білдіреді.
Жәленовтың пайымынша, жасанды интеллект технологиясының барлық әсерлі мүмкіндігіне қарамастан, технологияның өзі «панацея» бола алмайтынын есте ұстаған жөн.
«Жасанды интеллект – күш-жігерімізге күш қоса алады, бірақ ол дұрыс қолданылып, дұрыс басқарылса ғана қуатты құрал. Сондықтан көп нәрсе біліктілікке, яғни нарыққа қатысушылардың да, мемлекеттік органдардың да құзыретін дамытуға байланысты. Жарияланған баяндама маңызды пікірталастың және осы күн тәртібінде көзделгендей, өңірлік көшбасшылыққа кепілдік беретін Қазақстан қаржы нарығының жасанды интеллект экожүйесін құрудағы мемлекет пен нарықтың күш-жігерін шоғырландырудың бастауы болады деп үміттенеміз», – дейді ол.
ЖИ дамуын нендей факторлар тежеп тұр?
Бұл ретте Ұлттық банк мамандары елдегі ЖИ дамуын тежеп отырған бірқатар факторларды да атап өтеді.
«Қазақстандық компаниялар әзірге ірі әлемдік ойыншылармен салыстырғанда ЖИ-ді өз операцияларына белсенді түрде кіріктіріп жатқан жоқ. ЖИ маңыздылығын мойындағанына қарамастан, Қазақстанда оның компаниялар болашағына ықпалына қатысты бейтарап пікірдің жоғары деңгейі байқалады. Бұл ЖИ мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсінуде айқындықтың болмауына немесе сәтті қолдану мысалдарының болмауына байланысты. Бюджеттік шектеулер қазақстандық компанияларда ЖИ енгізу үшін елеулі кедергі болып отыр. Инвестициялық жоспарларда ЖИ-ге басымдық беру үшін қаржылық стратегияны қайта қарау қажет болуы мүмкін. Қазақстандық компаниялар үшін ЖИ саласындағы сапалы деректер мен мамандардың қолжетімділігі мәселесі де – өзекті, бұл білім беру мен кадрларды даярлауға инвестициялардың қажеттілігін көрсетеді», – делінеді.
Мамандардың жетіспеушілігін және оқытудың сапасы сын көтермейтінін ескере отырып, қазақстандық компаниялар жасанды зерде саласындағы білікті кадрларды даярлау үшін ішкі білім беру бағдарламаларын дамытуға және университеттермен байланыс орнатуға назар аударуы қажет дейді сарапшылар.
ЖИ модельдерін оқытуға қажет деректердің көлемі мен сапасының жеткіліксіздігі мәселесін шешу үшін компаниялар заманауи IT-инфрақұрылымдарына және деректерді сақтау жүйелеріне инвестиция салуы қажет. Жасанды интеллект инновацияларын қолдау үшін салық жеңілдіктерін қарастыру, гранттар және әртүрлі жобаға инвестиция салу сияқты мемлекеттік немесе жеке қаржы құралдарын әзірлеу қажет болуы мүмкін», деп тұжырымдайды.