Мемлекет қазынасына тағы да 40 млрд теңге заңсыз актив қайтарылды
Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке тағы 40 млрд теңге қайтарған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталады.
40 млрд теңгенің – 38 млрд теңгесі ақшалай қаражат болса, Астанадағы бизнес-орталық құны 2 млрд теңге деп есептелген.
«Комиссия жалпы көлемі 40 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдады, оның 38 млрд теңгеден астамы – ақшалай қаражат, сондай-ақ Астанадағы құны 2 млрд теңге тұратын бизнес-орталық», – делінген хабарламада.
Бұған қоса 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданған. Оның аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады. Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.
Активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қолданылатын болады.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратура айналысады. Оның құрылымында Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды.
Мемлекетке қайтарылған активтерді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» басқарады. Жақында Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.
Активтерді сатудан түскен ақша, қаржы түсімдері Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ. Қаржының бәрі Арнайы мемлекет қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Оған түскен қаржы мен жұмсалған ақшаны қазынашылық басқармасы қадағалап отырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз иемденген активтерді елімізді дамыту үшін пайдаланамыз» деген болатын.
Екі жылдың ішінде елге 1 триллион теңгеден астам актив қайтарылған. Соның 2,2 млрд теңгесі су тасқынымен күреске бөлінді.