Жаңалықтар

Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың инвесторлармен жұмысына депутаттардың көңілі толмады

Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың инвесторлармен жұмысына депутаттардың көңілі толмады / коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин және facebook.com/bbazarbek), бильд-редактор: Денис Андреев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың инвесторлармен жұмысына депутаттардың көңілі толмады. 29 сәуірде Мәжілісте болған Үкімет сағатында депутаттардың алдында министр есеп берді.

«Министрдің есебіне көңілім толған жоқ. Министр Парламент Мәжілісінің алдында емес, өз әріптестерінің алдында сөз сөйлеп тұрғандай. Біз министр нағыз инвесторлар туралы айтады деп күттік. Мен сіздің есебіңізді оқып шықтым. Онда шын инвесторлардан Samsung, KIA мен бірнеше неміс инвесторларын шақырғансыз», – деді депутат Бақытжан Базарбек. 

Ол министрден ұлттық экономикаға инвестиция құйған инвесторларды көрсетуді сұрап, соның нәтижесінде қанша жұмыс орны құрылып, халыққа қандай пайда болғанын көрсетуді талап етті.

«Біз тіпті инвестор деген түсініктің өзін дұрыс түсінбейміз. Қазір қарыз алып, ұлттық экономикаға инвестиция құйып жүргендер көп. Оларды инвестор дей аламыз ба? Олар инвестор емес. Инвестор деп өз ақшасын құятын адамды айтамыз. Даму банкінің ақшасын немесе өзге де қаржы институттарының ақшасын құятын адамдар инвестор емес. Олар пайызбен қарыз алып, оны өз бизнесін дамытуға құйып жүрген спикулянттар», – деді Базарбек. 

Ол министрдің есебі елдегі шынайы жағдайды сипаттамайтынын атап өтті.

«Мына есепті оқып отырып, бұл елде өмір сүргің келеді. Ал біздің елде неге адамдар нашар өмір сүреді?» – деді Базарбек.

Министрдің қызметі туралы сынға депутат Мұрат Әбенов те қосылды. Ол министрдің өзіне қойылған сұрақтарға толыққанды жауап бере алмайтынын айтты.

«Үкімет сағаты келіп ақылдасып, проблеманы ортаға салып, бір-бірімізге шындықты айтатын жер ғой. Өткен жылы 170 жоба іске асуы керек болған. 8-і ғана акт бойынша іске қосылды. Бүгін соның жауабын тыңдайын деп келдік бірде-бір ақпарат естіген жоқпыз. Кеше бір ақсақал айтады «неге сендер жалған ақпарат таратқан азаматтарды жауапқа тартасыңдар» деп, ал енді министрлер жалған ақпарат айтып тұр», – деді Әбенов.

Мәжіліс отырысынан кейін журналистер алдына шыққан министр Шарлапаев депутаттардың сынына жауап берді.

«Мемлекеттік органға қатысты сын дұрыс болса, оны дұрыс қабылдау керек», – деді министр. 

Бұдан бөлек, ол депутат Бақытжан Базарбектің сынымен келіспейтінін атап өтті.

«Депутат Базарбектің өзі инвесторлармен жұмыс істеп көрген бе? Инвесторлармен жұмыс істеген тәжірибесі бар ма? Мен елге тікелей құйылған инвестициялар туралы айттым. Шетелдік инвесторларды ғана емес, жергілікті инвесторларды да ойлауымыз керек», – деді министр.

Айта кетейік, Qarmet АҚ (Бұрынғы ArcelorMittal Temirtau) сатып алу кезінде Қазақстан Даму банкі Андрей Лаврентьевке тиесілі QSG Holding Limited компаниясын 100% кепілдікке алған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Орталық депозитарийінің сайтында ұсынылған сату бойынша мәміледе жазылған.

Яғни Қазақстан Даму банкі ArcelorMittal Temirtau (қазіргі Qarmet) компаниясына 28 желтоқсанда қарыз берген кезде осы қоғамға тиесілі QSG Holding Limited жеке компаниясының жай және артықшылықты акцияларын 100% кепілге алған.

Алайда АХҚО-да жарияланған QSG Holding Limited компаниясына қатысты мәліметтерде компанияның кепілге қойылғаны туралы ақпарат жоқ.ProTenge телеграм-арнасының дерегінше, Андрей Лаврентьевтің ArcelorMittal Temirtau компаниясын сатып алуына ақша бюджеттен бөлінген болуы мүмкін.