Қостанайда 78 млн теңгені заңсыз иемденген туристік агент 4 жылға сотталды
Қостанай қаласының №2 соты 78 млн теңгені заңсыз иемденген туристік агентті 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ол 70 азаматты шетелге турға жіберемін деп алдаған.
Айыпты болған азамат екі және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша күдікке ілінген. Сот оның 2021 жылдың ортасынан бастап жеке кәсіпкер ретінде шарттық қарым-қатынаста болған жұмыс істеп тұрған туроператорлардың турпакеттерін сатумен айналысқанын анықтаған. Ол клиенттік базаны қалыптастырып, азаматтардың сеніміне кіріп, клиенттердің ақшасын иемдену үшін қылмыстық әрекет жасаған.
«Ф. есімді азамат 2022 жылдың маусым айынан 2023 жылдың маусым айына дейін турагент атын жамылып, азаматтарға туристік пакеттер ұсынған. Іс жүзінде ол өз міндеттемелерін орындауды мақсат етпей, Жапония, БАӘ, Түркия, Дубай, Египет, Тайланд, Вьетнам және басқа да елдерге бару үшін төленген жәбірленушілердің қаражатын иемденген», – делінген Қостанай сотының баспасөз хабарламасында.
Ол азаматтардың алған қаражатын толығымен игерген. Көптеген жәбірленуші бұл туралы тек ұшып шыққан күні, кейбірі әуежайда біледі.
Кейбір жәбірленушілерді сендіру үшін жалған «турагент» қайту билетін төлемей, тек бір жақты рейстер мен тұру ақысын төлеген.
«Жасалған іс-әрекеттің жеке басын, сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайын, жәбірленушілерге өтелмеген зиянның болуын ескере отырып, сот Ф.-ны туризм саласындағы қызметпен 6 жылға айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», – делінген хабарламада.
Осыған дейін Астана қаласында автокөлікті заңсыз рәсімдеген қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шығып, олар 2 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топ мүшелері қатарында жекелеген азаматтардан бөлек полиция қызметкерлері де болған.
25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасаған, сондай-ақ, алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiрген, ақпаратты құқыққа сыйымсыз түрлендірген, лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған, жалған құжаттарды қолдан жасаған, дайындаған жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді қарады.