Жаңалықтар

Қазақстан Украина және Чехия полициясымен бірігіп, интернет алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобын құрықтады – ІІМ

Интернет алаяқтықпен айналысқан екі трансұлттық қылмыстық топ Украинаның екі қаласында отырып жұмыс істеген / Фото-коллаж: kursiv.media (polisia.kz), бильд-редактор Денис Андреев

Қазақстан, Украина және Чехияда интернет-алаяқтықпен айналысқан екі трансұлттық қылмыстық топ құрықталды. Бұл жайлы ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы бар екенін анықтады. Министрліктің қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды», – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

ІІМ хабарлауынша, алаяқтарды ұстауға осы үш елдің полициясы бірдей атсалысқан. Қылмыскерлердің call-орталықтары Украинаның екі қаласында орналасқан. Атап айтқанда, Запорожье қаласында екі, Одесса қаласында үш call-орталығы жұмыс істеген.

Запорожье қаласының алаяқтары қазақстандықтарға қоңырау шалып, өздерін банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Осылайша азаматтардың жеке шоттарының деректерін алуға тырысқан. Қазіргі таңда бұл қылмыстық топтың 9 мүшесі құрықталған. Сонымен бірге 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм «метадон» препараты тәркіленгені хабарланады.

Ал Одесса қаласында орналасқан қылмыстық топ мүшелерінің жұмыс істеу алгоритмі бөлектеу болған. Олар жалған инвестициялық компанияларға қаржы салуды ұсыну арқылы интернет-алаяқтықпен айналысқан. Бұл орталықтарда жұмыс істеген 23 адам анықталған. Оның 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сонымен бірге олардан 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жүріп жатыр.

Еске сала кетсек, 2023 жылы алаяқтар 97 млрд теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.

Ал бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттардың сауалына берген жауабында 2023 жылы қабылданған шараларға қарамастан, алаяқтықтың 3 %-ға артқанын айтты. Солайша бұл бағыттағы қылмыстар саны 43 499-дан 44 786-ға дейін артқан. Ал олардан келтірілген залал 26%-ға өсіп, 110 млрд теңгеден 139 млрд теңгеге жеткен.