2 ай бұрын IPO-сы өткен Air Astana Қазақстанның биржаларында сатылған акцияларын кері сатып алмақ
Ақпанда IPO-сы өткен Air Astana әуе компаниясы Қазақстан биржаларында сатылған қарапайым акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын кері сатып алмақ. Бұл туралы хабарлама Лондон қор биржасының (LSE) сайтында жарияланды.
IPO-cын нарық он жылдан аса күткен компания жария орналастырудан 2 ай өтер-өтпестен акцияларын кері сатып алатынын мәлімдеді. Оның мақсаты «еңбекті ынталандыру бағдарламасынан туындайтын компанияның міндеттемелерін орындау» екені жазылған.
Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында компания жалпы сомасы 12 млн долларға 4,8 миллионға жуық акция сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл бір акцияға шаққанда шамамен 1100 теңгені құрайды. Ал қазір қор нарығында компания акциялары 912 теңгеден саудаланып жатыр. Сатып алынатын бағалы қағаздар көлемі орналастырылған акциялардың шамамен 1,3%-на тең. Қайта сатып алу бағдарламасының бірінші бөлігі 2024 жылдың 30 сәуірінен басталып, 2025 жылдың 8 ақпанынан кешіктірілмей аяқталады.
Бұл ретте «Эйр Астана» хабарламасында бағдарламаның неше бөлімнен тұратыны және келесісі қашан басталатыны көрсетілмеген. Онда тек компанияның қызмет нәтижесі туралы жүйелі түрде есеп беріп тұруға ниетті екені айтылған.
Акцияларды сатып алу үшін әуекомпания Freedom Broker, Freedom Finance Global және Halyk Finance брокерлерін жалдады. Акциялар биржа ережесі және компаниялардың қызметін реттейтін заңнамаға сәйкес нарықтық бағадан жоғары сатып алынады. KASE және AIX акциялары мен ЖДҚ сатып алу жоспарланған. Бұл бағдарлама LSE-ге әлі таралмайды.
Қаржы көрсеткіштері қандай?
Сондай-ақ әуе компаниясы 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржы нәтижесін жариялады. Түсім мен басқа да кірістер 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 13,3%-ға өсіп, 264,7 млн долларды құраған. Тасымалданған жолаушылар саны 18,5%-ға ұлғайып, 1,9 млн адамға жетіп, жүк тиеу коэффициенті 81,2%-ды құраған.
Әуе компаниясының флоты 50 ұшаққа дейін өсті. Осы айда оның еншілес компаниясы – FlyArystan үшін тағы бір Airbus A320neo ұшағы жеткізілуі керек. Сонымен қатар FlyArystan тағы екі A320ceo ұшағын жалға алу туралы келісімге отырған.
Ақпан айында «Эйр Астана» IPO өткізіп, нәтижесінде 120 миллион доллар тартты. Қазіргі кезде акциялардың 41%-ы – «Самұрық-Қазына» қорына, 24,6%-ы – еркін айналымда, 16,95%-ы – британдық BAE Systems-ке, 6,51%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі.
FlyArystan еншілес компаниясы жақында жеке оператор сертификатын алған.