Самұрық-Энергоның еншілес ұйымы – «Богатырь-Көмірге» қайталама санкция қаупі төніп тұр ма?
Самұрық-Энергоның еншілес ұйымы «Богатырь-Көмірге» қайталама санция қаупі төнуі мүмкін. Алайда компания бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Бұл жайында Самұрық-Энергоның жылдық аудиттелген қаржы есебінде жазылған.
«Богатырь-Көмірге» неге санкция қаупі төніп тұр?
2024 жылдың 23 ақпанында АҚШ Қаржы министрлігі санкция салынған ресейлік компаниялар тізімін жаңартты. Бұл тізімге «СУЭК» АҚ (Сібір көмір энергетикалық компаниясы) енген. Ал бұл компания тобының құрамында «Богатырь-Көмір» өнімін тұтынушы бар. Соған байланысты компанияға қайталама санция қаупі төніп тұр.
Дегенмен компания басшылары бұл санкцияға ілінбеу жолдарын қарастырып жатыр.
«Топ басшылығы OFAC лицензиясын (АҚШ) алу мүмкіндігін зерделеуде. Бұл бізге санкция ұшыраған тұтынушымен байланыс әдістеріне қатысты туындаған жағдайдан шығуға мүмкіндік береді. Оның ішінде көмір жеткізу туралы келісімді одан әрі орындау мүмкіндігін қарасту да бар. Сондай-ақ «СУЭК» АҚ да жағдайды шешудің басқа да баламалы жолдарын қарастырып жатыр», – делінген есепте.
Алайда Топ басшылары мұндай ірі тұтынушыдан айырылу компания қызметіне айтарлықтай әсер етпейді деп тұжырымдайды. Өйткені СУЭК-ке сатылып келген көмірді ішкі нарықта сатып алушылар табылады.
«Самұрық-Энергоның» қаржы көрсеткіштері қандай?
Аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, компаниялар тобы 2023 жылы 43,7 млрд теңге таза пайда тапқан. 2022 жылғы 30 млрд теңге таза пайдамен салыстырғанда, көрсеткіш 1,5 еседей өскен.
Меншікті капиталы да, жиынтық активтері де өскен. «Самұрық-Энергоның» 202 жылғы меншікті капитал көлемі 533 млрд теңгеге тең болса, былтыр бұл көрсеткіш 639 млрд теңгеге жеткен. Жиынтық актив көлемі 1 трлн теңгеден асады. Жиынтық міндеттемелері 432 млрд теңгеден 444 млрд теңгеге жеткен.
«Самұрық-Қазына» қоры – «Самұрық-Энергоның» жалғыз акционері. «Самұрық-Энерго» құрылымына 23 компания кіреді. Компанияның негізгі активтері Павлодар, Түркістан, Алматы облысында және Алматы қаласында орналасқан. «Самұрық-Энерго» тобына «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары», «Екібастұз ГРЭС-1» және ГРЭС-2 (акцияларының 50%), Балқаш ЖЭО, «Алматы Энергосбыт» және т.б. кіреді.
Жақында өз акционері – «Самұрық-Қазынадан» Өскемен және Шүлбі су электр станцияларын сатып алатыны белгілі болды.