Талдықорған полициясының бастығы қызметтік кабинетінде адам зорлағаны үшін 11 жылға сотталды
Сот Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Көштібаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол қызметтік міндеттерін орындау кезінде адам зорлағаны үшін кінәлі деп танылды.
Жетісу облыстық сотының ақпаратына сүйенсек, Марат Көштібаевқа 2023 жылғы 12 қарашада қызметтік міндеттерін атқару кезінде жәбірленушіні полиция ғимаратындағы өз кабинетінде зорлады деп айып тағылған.
Прокурор оған ұсынылған бап бойынша ең көп жаза мерзімін — 12 жыл тағайындауды сұрады.
«Сот үкімімен Көштібаев кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот Көштібаевты «полиция полковнигі» шені мен атағынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
2023 жылы 13 қарашада Талдықорған қалалық полиция басшысы Марат Күштібаев әйел зорлады деген күдікпен қамауға алынған.
«Талдықорған қалалық полициясының басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 27 жастағы облыс орталығының тұрғынын зорлады деген күдікке ілінді. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі (қызметтік міндеттерін атқара отырып жасаған адам зорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қажетті сараптамалар тағайындаумен тексеріліп жатыр. Қылмыстық іс тергеуі ҚР Ішкі істер министрлігі ерекше бақылауға алды», – деді басқарма басшысы.
Алғашқыда Алматы облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған Күштібаев 2016 жылы сол кездегі Алматы облысының (қазір Жетісу облысы) әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Алматы облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы болып тағайындалған. Алайда бұл жұмысынан балағат сөздер айтып, ол әлеуметтік желіде тарап кеткені себепті, сол кездегі кездегі министр Ерлан Тұрғымбаев қызметінен алып тастаған.