Наурызда жалпы берілген кредит көлемі ұлғайғанымен, бизнес субъектілеріне берілген несие көлемі қысқарған
2024 жылғы наурызда екінші деңгейлі банктер экономикаға берген несиелер 0,9%-ға 28,7 трлн теңгеге дейін артты. Оның ішінде ұлттық валютадағы кредит 0,8%-ға 26,5 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,1%-ға 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгедегі үлесі 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 92,3%-ды құрады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы наурыздағы шолуында жазылған.
Бизнеске берілген несие көлемі 0,3%-ға қысқарды
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы наурызда 0,3%-ға 11,1 трлн теңгеге дейін азайды. 2024 жылдың басынан бері көрсеткіш 0,9%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 0,9%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін азайды. Жыл басынан бері көрсеткіш 2,3%-ға төмендеді.
Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,2%-ға 5,5 трлн теңгеге, ірі бизнеске қарыздар 0,5%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін азайды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 2024 жылғы наурызда 3,0%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Бұның себебі неде?
«2024 жылдың наурыз айында бизнесті несиелендірудің төмендеуі ірі қарыз алушылардың қолданыстағы қарыздарын өтеуге, баланстан тыс шоттарға проблемалық несиелерді есептен шығаруға байланысты болды. Теңге бағамының АҚШ долларына қатысты 0,8%-ға нығаюына байланысты валюталық кредиттерді теріс қайта бағалау да әсер етті», – деп хабарлады Агенттік.
Наурызда бизнес субъектілеріне 1,3 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді. Бұл 2023 жылғы наурызбен салыстырғанда 12,3%-ға артық. Жыл басынан бері 3,9 трлн теңге берілді. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,6%-ға артық.
Өткен жылдың ұқсас кезеңдерімен салыстырғанда жаңа қарыздар беру көлемінің өсуіне қарамастан, бизнеске кредиттер көлемі ұлғаймайтынын атап өту маңызды.
«Өйткені 2023 жылы жаңа қарыздар беруде жоғары ставкалар жағдайында кәсіпкерлерге негізінен қысқа мерзімді қарыздар басым болды (1 жылға дейін) – 8,9 трлн теңге немесе берілген қарыздардың жалпы көлемінің 57,3%, оларды өтеу 2024 жылға тиесілі. Осылайша, жаңа қарыздар берудің әсері бұрын берілген қысқа мерзімді қарыздарды өтеумен теңестіріледі», – деп түсіндірді Агенттік.
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер көлемі артты
Халыққа берілген кредит көлемі наурызда 1,7%-ға ұлғайып, 17,5 трлн теңгені құрады. Мұндай кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,7%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты. Сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 2,1%-ға 10,9 трлн теңгеге дейін артуына байланысты болды.
Наурызда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,3%-ды (2024 жылғы ақпанда – 19,5%) құрады. Ал халыққа қатысты – 19,1%-ды (2024 жылғы ақпанда – 17,5%) деңгейінде болды.
«Сапасыз» несие портфелі 929 млрд теңгені құрады
1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,1%-ын немесе 929 млрд теңгені құрады. 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 864 млрд теңге еді.
ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,2%-ды немесе 278 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,7%-ды немесе 650 млрд теңгені құрады.
Ұлттық валютадағы депозиттер 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды
Резиденттердің депозиттері 2024 жылғы наурызда негізінен заңды тұлғалар депозиттерінің 1,5%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 1,0%-ға 34,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 0,5%-ға 18,7 трлн теңгеге дейін өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы наурызда 1,6%-ға 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасында 1,1%-ға 7,9 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде азайды. Нәтижесінде 1 сәуірдегі жағдай бойынша долларландыру деңгейі 22,9%-ды құрады. Биылғы жылдың басында – 23,2% болған.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы наурызда 13,6%-ды (ақпанда– 14,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,8%-ды құрады (ақпанда – 13,6%).
Ал қаңтар-наурызда банктердің таза пайдасы 570 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға көп.
Еске сала кетсек, 2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген.