Nostrum Oil & Gas Plc мұнай компаниясы Чинарев кен орнындағы екі ұңғыманың бірінде барлау-бұрғылау жұмыстары оң нәтиже бергенін хабарлады. Бұл туралы компанияның 2024 жылғы бірінші тоқсандық есебінде жазылған.
«2024 жылдың бірінші тоқсанында N301 ұңғымасы уақытылы және бюджет шегінде бұрғыланды. Оның жалпы тереңдігі 4980 метр. Көмірсутектер (мұнай, газ конденсаты) үш қабатта да кездесті. Ұңғыманың бастапқы әлеуеті тәулігіне 400-ден 700 баррель мұнай эквиваленті деңгейінде болуы мүмкін. Жыл ортасына қарай іске қосылады деп жоспарлануда», – деп жазылған компанияның 2024 жылғы есебінде.
Компания ақпаратына сүйенсек, бұрғылау қондырғысы келесі ұңғымаға N41-ге ауыстырылуда. Жұмыстар 2024 жылдың үшінші тоқсанында басталады.
Чинарев кен орнын игеру – 1997 жылы қол қойылған өнімді бөлу туралы келісім аясында басталды. Учаскеге лицензия 2031 жылдың соңына дейін берілген. Чинарев кен орнындағы алғашқы көмірсутегі кен орындары сонау кеңестік кезеңде ашылып, 2004-2021 жылдар аралығында 103 ұңғыма бұрғыланды. Лицензия топтың қазақстандық операциялық компаниясы «Жайықмұнай» ЖШС-ге тиесілі.
Кен орны — Каспий маңы ойысының солтүстік бөлігінде, Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның Ресей Федерациясымен шекарасына жақын және бірнеше ірі құбырлардың жанында орналасқан.
Nostrum Oil & Gas PLC – мұнай және газ өндірумен, сондай-ақ Каспий бассейніндегі мұнай және газ кен орындарын барлаумен және игерумен айналысатын тәуелсіз мұнай-газ компаниясы. Оның акциялары Лондон қор биржасында және Астана халықаралық биржасында орналастырылған.
Мұнай компаниясы 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында орташа тәуліктік өндіруді 11 943 мың баррельге дейін арттырды. 2023 жылдың есепті кезеңінде компания тәулігіне орта есеппен 10,479 мың баррель шикізат өндірді. Осылайша, жылдық көрсеткіш 14% өсті.
Бұған дейін Nostrum Oil & Gas PLC 80% үлесін иеленетін «Позитив Инвест» компаниясы 2026 жылдың аяғында Батыс Қазақстан облысындағы Каменско-Тепловско-Токаревское кен орнында көмірсутегін өндіруді бастайтынын хабарлаған.