Су тасқынынан зардап шеккен 66,4 мың адамның 50 млрд теңгеге жуық несиелік төлемдері кейінге шегерілді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтар мен бизнес субъектілеріне кредиттерді өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі шараларды қолға алды.
Кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге жатқызылған азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне беріледі. Сондай-ақ азаматтар банктер мен МҚҰ-ға кредиттерді қайта құрылымдауға өтініштерді дербес түрде қашықтан бере алады.
«Бүгінгі күні төлем мерзімін кейінге қалдыру 49,6 млрд теңге сомасына кредиттері бар зардап шеккен 66,4 мың азаматқа берілді», – деп хабарлады Агенттік.
Бизнес субъектілеріне қатысты банктер мен МҚҰ су тасқынының қарыз алушының қаржылық және шаруашылық қызметіне әсеріне жеке талдау жүргізеді.
«Бүгінгі күні кредиттік ұйымдарға зардап шеккен 581 бизнес субъектісіне қатысты мәліметтер жолданды. Оның ішінде 1,8 млрд теңге сомасына кредиттер бойынша жиынтық берешегі бар 68 қарыз алушының төлем мерзімі кейінге қалдырылды. Қалған зардап шеккен бизнес субъектілері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім белгіленген тәртіппен қабылданады», – деп хабарлады ҚНРДА.
Еске сала кетсек, төлем мерзімін шегеру мүміндігі 3 ай мерзімге беріледі. Яғни 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейін. Бұл уақытта айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.