Қазақстандықтар Байқоңыр ғарыш кешеніне турист ретінде бара алады
Қазақстандықтар Байқоңыр ғарыш кешеніне турист ретінде бара алады. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ғарыш қызметі жөніндегі алқа отырысында айтылды.
Кешенге баруға ниетті азаматтар министрліктің «BAIKONUR» мобильді қосымшасы арқылы өтініш білдіре алады.
«Осы жылдың наурыз айында «BAIKONUR» мобильді қосымшасының көмегімен тестілік режимде Kazakhturism өкілдеріне «Зенит-М» ғарыш зымыран кешеніне баруға өтінімдер іске қосылды. Болашақта туристерді мобильді қосымшаның көмегімен жіберу жоспарланып отыр»,- делінген хабарламада.
Туристер «Байқоңыр» кешенінің барлық объектісіне бара алады. Тек зымыран тасығышты дайындау және ұшыру кезінде іске қосылған объектілерге кіруге рұқсат берілмейді.
Бұдан бөлек В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтында астрономиялық зерттеу хабын іске қосу жоспарланған. АстроХаб – бұл Ассы-Түрген обсерваториясындағы қазақстандық және халықаралық оптикалық телескоптарды, жерге жақын ғарыш кеңістігін мониторингтеу кешендерін байланыстыратын бірыңғай экожүйе.
Сонымен бірге 2023 жылы ЖҚЗ спутниктерінің топтамасын құру жобасы да басталған. Бұл жоба негізінде агрокультуралық сектордың, төтенше жағдайлардың, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдаланудың мониторингі бойынша жұмыстарды жүзеге асыруға болады.
Сондай-ақ «Көктерек» ОКЖ аумағында OneWeb геостационарлық емес байланыс желісін қосу жөніндегі станциясын құру жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған орай коммерциялық қызметтерді ұсынуға техникалық дайындық 2024 жылға жоспарланып отыр. Соның негізінде Қазақстанның 328 ауылы кең жолақты интернетке қосылмақ.
Ал отырысында министр Бағдат Мусин ғарыш саласын одан әрі дамытуға, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылатынын айтты.
«Біз мұнда адамдар емін-еркін келіп, бірыңғай портал арқылы қажетті ақпаратты ала алатындай ашық ғарыш хабына айналуымыз керек. Мемлекет ретіндегі біздің міндетіміз – адамдарды осы салаға тарту. Оларға өз өнімдерін іске қосуына жағдай жасау», – деді Мусин.
Еске сала кетсек, ақпанда «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізілген болатын. Оған сәйкес 2027 жылға дейін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағыш зымыранын кемінде 3 рет сынақтан өткізу жүзеге асырылады. Сондай-ақ хаттамада бірлескен кәсіпорынды «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенін жалға алған және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл өткенге дейін корпоративтік табыс салығын төлеуден босату мәселесі қарастырылған.
Сонымен бірге өткен жылдың күзінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов «Байқоңырды» жалға алу ақысы көтерілмейтінін хабарлады.