ERG компанияcының еншілес кәсіпорны Павлодарда саябақ аумағында заңсыз тұрғын үй құрылысын бастамақ болған

Жарияланды (жаңартылды )
«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар қаласының «Металлургтер» саябағында 2 көппәтерлі үй тұрғызбақ болған / Фото: kursiv.media

ERG компанияcының еншілес мекемесі Павлодар қаласының саябағында заңсыз 2 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастамақ болған. Бұл жайлы Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады.

«Ауданы 1,2 га «Металлургтер» саябағының жер учаскелері жер және сәулет заңнамасын бұза отырып, Eurasian Resources Group компанияларының бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға тікелей бөлінген»,- делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша заңсыз рұқсат беру құжаттарының күші жойылған. Ал заңсыз алынған жер учаскелері мемлекетке қайтарылып, саябақ аумағы қалпына келтірілген. Ал кінәлі лауазымды тұлғалар қызметінен босатылған.

Айта кетейік ERG – феррохром және кобальт өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы компания. Сондай-ақ Еуразия аймағындағы темір рудасы мен алюминий өнімінің ірі жеткізушілердің бірі. Топ құрамындағы ең маңызды кәсіпорындар Қазақстанда орналасқан: «Қазхром», «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», Қазақстан электролиз зауыты, Еуро-Азия энергетикалық корпорациясы (ЕЭК), Шұбаркөл көмір, «TransCom» және тағы да басқа компаниялар бар.

ERG Африкада мыс пен кобальт кенін өндіріп, өңдейді және мыс концентраты мен кобальт гидроксидін шығарады. ERG компаниясының Конгодағы мыс-кобальт қалдықтарын өңдейтін зауыты әлемдегі екінші ірі кобальт өндірушіге айналған. Frontier – ERG мыс концентраттарын өндіретін кәсіпорын.

ERG-дің түпкілікті иесі: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы – 20,7%, Патох Шодиев – 18,6%.

Сондай-ақ оқыңыз