Қазақстан-Қытай шекарасында адамдар мен көліктер қозғалысы уақытша тоқтатылады
Қазақстан мен Қытай шекарасында адамдар мен көліктерді, жүктерді өткізу уақытша тоқтатылады.
«Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Келісімге сәйкес 2024 жылғы 1, 7 және 9 мамырда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы мен теміржол өткізу пункттерін қоспағанда, Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу уақытша тоқтатылатын болады», – делінген ҰҚК шекара қызметі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазақ-өзбек шекарасында жүргізіліп жатқан реконструкцияға байланысты «Қапланбек» өткізу пункті жабылды. «Тәжен», «Атамекен» және «Қазығұрт» өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының қозғалысы шектелді. Ресей, Қырғыз және Түркімен бағыттарындағы өткізу пунктері штаттық режимде жұмыс істейді.