2024 жылы технологиялар саласында трендте болатын 9 бағыт
Компания бәсекеге қабілетті болуы үшін технология саласындағы трендтерді біліп отыру керек. Себебі жаңаша прогрестерді дер кезінде біліп, өндіріске енгізіп отырса, стартаперлер, компания басшылары мен инвесторлар қабылдайтын шешімдеріне нендей тенденциялар әсер ететінін жақсырақ түсіне алады. 2024 жылы қандай басты технологиялық және бизнес-трендтер болатынын шолып шығайық.
Дженератив жасанды интеллект
Мұның басты тренд екені айтпаса да белгілі. 2025 жылға қарай AI барлық деректің 10 пайызын генерациялайтын болады деген болжам бар. Бұл дегеніміз биыл жасанды интеллект тіпті қарқынды жұмыс істейтінін білдіреді. Мысалы Nvidia компаниясының табысына қарап, инвесторлар дженератив жасанды интеллектіге ерекше назар аудара бастады. Ал компания акциялары демде аспандап кетті. Жалпы 2023 жылы жасанды интеллектімен айналысатын компаниялардың барлығы дерлік жақсы өсті. Бұл саладағы жетекші компаниялар қатарында Microsoft, Nvidia, IBM, AMD, Google, Meta, Amazon, Alibaba, Baidu, ServiceNow, Intuit, Adobe және Salesforcе бар. Стартаптарға келсек, OpenAI, Hugging Face, Anthropic, Cohere, AlphaSense, Gong, Jasper, C3 AI, DeepMind, Databricks, Synthesis AI, Stability AI, Lightricks, Glean және Inflection көш бастап тұр. Дженератив жасанды интеллектінің даму барысын жіті бақылаған дұрыс. Себебі технологиялық жаңалықтар экономиканы түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Мысалы, Goldman Sachs инвестициялық банкі жасаған болжамда дженератив AI алдағы 10 жылда әлемдік ЖІӨ-ні 7 пайызға өсіруі мүмкін екен. Бұл бизнес пен қоғамға қатты әсер ететіні белгілі.
Экотехнологиялар
2024 жылдың ендігі бір тенденциясы — жаңартылатын шикізат саласындағы технологиялар эволюциясы. Бұл қатарға экологиялық таза технологиялар мен климатқа қатысты технологиялар жатады. Gartner деген америкалық зерттеу және консалтиң компаниясының пікіріне сүйенсек, биылғы стратегиялық тенденциялардың бірден-бірі осы экотехнологиялар болады. Компания болжамы бойынша, 2027 жылға қарай ақпараттық технологиялар директорлары жұмысының ширек бөлігі «жасыл» технологиялармен байланысты болады деседі.
Harvard Business Review ғылыми танымдық журналы «Жерді экологиялық апаттан сақтау мақсатында жасалатын шаралар 12 трлн долларлық бизнес-мүмкіндіктерге жол ашады» деп жазған. Яғни мұнда БҰҰ-ның тұрақты даму саласында бекітілген 17 үлкен мақсат пен соларға қатысты 169 міндет жайлы айтылып отыр.
2024 жылғы трендтерге оралсақ. Биыл қоқыс өңдеу, электромобиль, жаңартылатын шикізат қолданылатын тұрғын-үй және коммерциялық құрылыс, «жасыл энергетика», экологиялық ауыл шаруашылығы технологиялары мен көміртек алу сынды салалар көш бастайды. Байқасақ, Google, Apple, Meta және Amazon кейінгі жылдары кәсіпорындардағы экологиялық ұстанымды арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды іске қосқан. Экологияны сақтауға қатысты бастама жасағандардың ішінде Patagonia, Cisco, Microsoft, Adidas, Autodesk, Schneider Electric, Tesla, Dassault Systèmes, IBM, H& M және Siemens компанияларын да атап өту керек. Ал стартаптардан Amp Robotics, Aurora Solar, Oxford PV, Verdigris, Grow a Wish, Carbon Clean Solutions, Blue Planet, Heliogen, Grove Collaborative, Agricool, TIPA, Genecis және Source бар.
Киберқауіпсіздік
Кейінгі үш жылда әр екінші кәсіпорынға кибершабуыл жасалған деген зерттеу қорытындысы бар. Cybersecurity Ventures журналының болжамына қарасақ, 2025 жылға қарай киберқылмыстан келетін шығын 10,5 трлн долларға жетуі мүмкін. Демек кез келген ұйым өзінің киберқауіпсіздігін күшейтуі керек деген сөз. Қазір киберқылмыскерлер қатты жұмыс істеп жатыр. Түрлі технологияны пайдаланып небір шешімдерді қолданады. Сондықтан әлем бойынша киберқауіпсіздікке қатысты қатаң ережелер қабылданып қалуы мүмкін. Қауіпті автоматты басқару, бұлтты қауіпсіздік, ешкімге сенбейтін қауіпсіздік моделі, қолданушыларды идентификациялау, мінез-құлық анализі, кибербасқару, блокчейн қауіпсіздігі сияқты инновациялар 2024 жылдың басты тренді болатын сияқты. Биыл бұл салада көш бастап келе жатқан компаниялар: CrowdStrike, Zscaler, Okta, SentinelOne, Palo Alto Networks, Fortinet, Splunk, Akamai. Стартаптарға келсек, киберқауіпсіздік саласындағы жетекші инноваторлар — Cyware, Lacework, Deep Instinct, Orca Security, GitGuardian, Snyk, Abnormal Security, EclecticIQ, Tanium, Nozomi Networks және Claroty.
Автоматизация
2024 жылы өндірістік автоматизация өсе береді. Компаниялар заттар интернеті (IoT), перифериялық есептеулер, жасанды интеллект, машинаны үйрету және 5G/6G сияқты инновацияларды енгізгенін жалғастырады. Биыл демде мониториң көріп отыратын, тауар қорын автомат түрде басқаруға болатын. Бірден деректер анализін қарауға мүмкіндік беретін, жасанды интеллект алгоритмдері арқылы сұранысқа болжам жасайтын технологиялар трендте болады. Робототехника, оңтайландырылан логистика, жұмыс процесін автоматтандырудың арқасында шығын азайып, өндіріс мерзімі де жылдамдайды. Осы технологиялардың арқасында өнеркәсіптік компаниялар өнімдірек жұмыс істеп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті жұмыс атқарады. Автоматизация саласындағы көшбасшылар: ABB, Denso, Siemens, Emerson Process Management, Rockwell Automation, Honeywell Process Solutions, Schneider Electric, Microsoft Supply Chain Platform, Yaskawa Electric, AWS Supply Chain және Omron Automation. Олар 2024 жылы инновациялар енгізгенін әрмен қарай жалғастырады.
Web 3.0 және метағалам
Жаңа технологияларға мүмкіндіктер ашуға web 3.0 қатты әсер етеді. Атап айтқанда, метағалам мен басқа да ойын, әлеуметтік қарым-қатынас пен бизнеске арнап жасалған виртуал әлемдер трендте болады. Web 3.0 бизнеске метағаламды жылдамырақ енгізуге көмектеседі. Себебі компаниялар тұтынушыларына жеке онлайн-тәжірибе ұсынуға қашан да асығып тұрады. 2024 жылы қазіргі бар заманауи гарнитуралардың арқасында виртуал және толықтырылған реалити секторлары ауқымын одан әрі кеңейте береді. Әрі метағалам мен ұжымдық виртуал кеңістік онлайндағы қарым-қатынас туралы түсінікті өзгертуі мүмкін деседі. Толықтырылған реалити технологиялары (AR) денсаулық сақтау, бөлшек сауда сияқты салаларда енгізіледі. Осылайша дәлірек диагностика жасалып, виртуал шоу-румдар жасалады. Метағалам технологияларын дженератив ЖИ, толықтырылған және виртуал реалити технологияларымен біріктірген кезде дижитал және физикалық ойдың арасындағы шекараны бұзып, қиялға берілуге мүмкіндік беретін болашаққа жол ашады деседі.
Автономды көліктер
Бұл — өте қызық технология. Автокөлік құрастыру саласын түрлендіріп жіберетін технология – автономды машиналар. Яғни жүргізушісіз жүре беретіндіктен, адам іздеп сабылу болмайды. Автопилотпен жүретін көліктер миллиондаған адамның өнімді жұмыс істеуіне көмектеседі, қауіпсіздігін арттырады. 2024 жылы пилотсыз жүретін көліктер сенсорлы технологиялар, машинаны үйрету және байланыс бағытында дамиды деседі. Осы арқылы автономды көліктер қиын жағдайда көлік жүргізуді, басқа машиналармен қозғалуды, реал тайм режимінде жұмыс істеуді үйренеді. Осылай жалғасса, болашақта көлік жүргізу қабілеті адам баласына керек болмай қалуы да мүмкін. Пилотсыз көліктерді қолданатын бірден-бір сала мобайл қызметтер болуы мүмкін.
Автономды көлік саласындағы жетекші әлемдік компаниялар қатарында Tesla, Rivian, Zoox, May Mobility, Momenta, Pony.ai, General Motors, Nvidia және Waymo бар. Global Data зерттеу компаниясының жақында жасаған болжамында 2035 жылға дейін автономды көліктер индустриясы толықтай жүргізушісіз автокөліктер жасалмайды дейді. Десек те, Google-дың қол астындағы Waymo Сан-Франциско мен АҚШ-тың басқа да қалаларында толық автоматтандырылған такси парктерін іске қосқанын жаңалықтардан білеміз.
5G және 6G технологиялары
2024 жылы 5G және 6G желі технологиялары одан әрмен дамып, бизнес ортаны өзгертеді деген болжам бар. Оған әсер ететін басты фактор — IEEE [Institute of Electrical and Electronic Engineers (Электротехника және радиоэлектроника бойынша инженерлер институты) деген жергілікті есептеуіш жүйелерге арналған стандарттар жасаумен айналысатын америкалық коммерциялық емес ұйым IEEE [Institute of Electrical and Electronic Engineers (Электротехника және радиоэлектроника бойынша инженерлер институты) осы мамырда модернизацияланған стандарт енгізетіні. Әзірге 6G технологиясы іске қосылған жоқ. Десе де, кей операторлар сымсыз байланыс станларттарына инвестиция салуды бастап кеткен. Бірақ 6G қолданатын өнімдердің шығуына әлі ерте. Ал енді 5G желісі туралы айтсақ. Бұл — жылдамдығы жоғарырақ, байланыста үзіліс өте сирек болатын, байланыс та сенімдірек жаңа заман технологиясы. Соның арқасында көлемді деректерді секундта өңдеуге мүмкіндік бар. 2024 жылы перифериялық есептеу, заттар интернеті (IoT), виртуал және толықтырылған реалити технологиялары саласында көбірек қолданылады деген болжам бар. Осылайша 5G бұрынғыдан да интеллектуал және көп функциялы бола түседі. Біле білсеңіз, AR және VR салалары үшін 5G-дың маңызы зор. Өйткені жылдамдығы өте жоғары байланыс аса қажет. Сонда ғана қолданушылар интерактив виртуал әлемге оңай еніп кетеді.
Биотехнологиялар
Биология мен технологияны біріктіріп, өмірімізді жақсартуға көмектесетін жаңа өнімдер мен процестер ойлап табуға бағытталған сала — биотехнология. Денсаулық сақтау саласынан бастап, ауыл шаруашылығына дейін биотехнологияларды пайдаланып, түрлі салада небір революция жасай алады. Әлемдегі түрлі түйткілді де осы биотехнологиялардың көмегімен шешуге болады. 2024 жылы биотехнологиялар генді өңдеу, синтетикалық биология, жекелендірілген медицина салаларында қарқындырақ кірістіріледі деген болжам бар. Жекелендірілген медицина, гендерді өңдеу және CRISPR диагностика, машинаны үйрету, жасанды интеллект, дің жасушаларының технологиясы, тіндік инженерия және биопринтиң, көлемді деректер және жаңа дәрі-дәрмектер жасау сынды бірнеше биотехнологиялық бағытты қамтуы мүмкін. Денсаулық сақтау саласынан бөлек, биотехнологиялар ауыл шаруашылығына жаңа мәдениет қосып, энергетика саласында жанармай түрлерін тиімдірек әрі экологиялық түрлеріне өзгертуі ғажап емес.
Human-machine interface
Адам мен машинаның әрекеттесуі (Human-machine interface, HMI — оператор-адам мен оның басқарып отырған машиналарының әрекеттесуін қамтамасыз ететін инженерлік шешімдер) адамдардың технологияларға деген көзқарасын өзгертіп жатыр дейтін сарапшылар бар. Бұл — жаңа сала. Мұның мақсаты — адамдардың технологиялармен жақсырақ тіл табысып, дөп түсінісуін қамтамасыз ету. Жасанды интеллект, машинаны үйрету және робототехник салаларындағы жетістіктерді біріктіре отырып, HMI адамдардың күнделікті өмірін жақсартып, технологиялардың қолданысын өзгертуі мүмкін. Сондықтан 2024 жылғы трендтерге мұны да қостық. HMI әсіресе Natural Language Processing, яғни NLP, ымды түсіну, нейрокомпьютерлік интерфейстер сияқты салаларда көбірек қолданылады. Осылайша интерфейс қолданушыларға бұрынғыдан да түсініктірек бола түседі.