«Шылым шегетіндер мен ішімдік ішетіндер МӘМС-ке көбірек төлеуі керек»: министр депутаттардың ұсынысына жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
ОСМС
Министр депутаттардың ұсынысы ескерусіз қалмайтынын айтты / коллаж kursiv.media

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттардың шылым шегетіндер мен ішімдік ішетіндер МӘМС-ке көбірек төлеуі керек деген ұсынысына қатысты жауап берді.

Министр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы президенттің, парламент және қоғам тарапынан үнемі сынға ұшырайтынын айтты.

«Қазақстандық сақтандыру моделі міндетті әлеуметтік сипатқа ие. Барлығы белгіленген тариф бойынша төлейді. Ал денсаулығынан айырылу қаупі бар адамдар көмек алады. Осылайша, міндетті медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі әлемдік әлеуметтік медициналық жүйелердің жалпыға бірдей қабылданған қағидатын жүзеге асырады: «Бай кедейге төлейді, сау адам ауруға төлейді», – деді министр.

Оның айтуынша, қолданыстағы МӘМС жүйесі барлық сақтандырылған адамның жарна мөлшеріне қарамастан, медицина қызметтері пакетін бірдей қолжетімді етеді. Ал көмек сұраған кезде науқастардың көлемі де, төлейтін бағасы да шектелмейді.

«Жауапкершілікті арттыру және азаматтардың мінез-құлық факторларына әсер ету арқылы сақтандыруға және жақсартуға ынталандыру бойынша ұсыныстарыңыз ескерілді. Салауатты өмір салтын нығайту және зиянды өнімдердің (алкоголь, темекі, құрамында қант бар өнімдер) экономикалық қолжетімділігін одан әрі шектеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу кезінде денсаулық сақтау шығындарын қаржыландыруға Сіздер атап өткен азаматтар санаттарының көбірек қатысуы туралы ұсыныстар енгізіледі», – деді министр.

Министр депутаттардың ұсыныстары қазірдің өзінде алкоголь мен темекіге жоғары акциздік мөлшерлемелер мен вейптерді пайдалануға тыйым салу арқылы жүзеге асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ құрамында қант бар сусындарға арнайы акциздерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев ішімдік ішетіндер мен темекі шегетіндерге МӘМС ақысын көтеруді ұсынған еді. Депутаттың сөзінше, медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидатына қайшы келеді. 

«Өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды. Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан төлеуге міндетті болып шығады. Яғни, жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымдарын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмектер мен дәрігерлерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек. Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті», – деді депутат.

Сөзінше, адамдар медициналық көмекке жүгінбестен ай сайын ӘМСҚ-ға төлейтін ақшасы үшінші тұлғалардың медициналық қызметін төлеуге кетеді.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев депутат Ержан Бейсенбаевтың ұсынысымен келіспеді. Вице-министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тек біртұтас принципті көздейінін еске салды. Айтуынша міндетті медициналық сақтандыру бойынша жеке-жеке шоттар әлемнің бір елінде – Сингапурда ғана бар. Қорды жеке шоттарға бөлсе, бүгінгі күні азын-аулақ ақша аударып жүрген адамдар келешекте қымбат ем ала алмайтын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз