Қазақстаннан жыл сайын 16,7 млрд доллар шетелге заңсыз шығарылады – Сенатор
Жыл сайын Қазақстаннан 16,7 млрд доллар шетелге заңсыз шығарылады. Шетел асқан заңсыз активтер бүгінде ең үлкен көлемге жетті. «Капиталды заңсыз әкетудің алдын-алу мақсатында валюталық реттеуді жүзеге асыру» тақырыбына арналған жиында сенатор Сұлтанбек Мәкежанов осылай деп мәлімдеді.
Сенатор Американың «Global Financial Integrity» халықаралық зерттеулер тобының дамушы елдерден заңсыз шығарылған қаржысы турлы жыл сайынғы есебінен мәліметтер келтірді.
«Дамушы елдерден капиталды заңсыз әкету» туралы зерттеулер мынаны көрсетті: Қазақстаннан жыл сайын шамамен 16,7 млрд доллар заңсыз шығарылады. Біздің ел 148 мемлекет рейтингінде 11-ші орында тұр. Капиталды шетелге заңсыз шығарудың теріс салдары өте көп. Біріншіден, бұл капиталдың көлеңкелі айналымы, салық салынбайды, соның салдарынан мемлекеттік бюджет толыққанды толмайды. Капиталдың көлеңкелі айналымын анықтау және болдырмау мемлекеттік қазынаның кірісін едәуір арттырар еді. Екіншіден, бүгінгі таңда қабылданған заңдар нәтижесінде заңдастырылған капиталды жасырудың да қажеті де жоқ. Себебі заңды капиталды отандық экономиканы өсуін ынталандырып, ел ішінде заңды түрде инвестициялауға болады.Бұл мемлекеттік қазынаға да, халықтың әл – ауқатына да оң әсер етеді», – деп түсіндірді сенатор.
Сұлтанбек Мәкежанов бүгінде капиталдың заңсыз айналымы, оның ішінде оны шетелге шығару мәселесі өте өзекті және қоғамның жіті бақылауында екенін еске салды.
Айта кетейік заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке тағы 40 млрд теңге қайтарған болатын. Қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталады.
40 млрд теңгенің – 38 млрд теңгесі ақшалай қаражат болса, Астанадағы бизнес-орталық құны 2 млрд теңге деп есептелген.
«Комиссия жалпы көлемі 40 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдады, оның 38 млрд теңгеден астамы – ақшалай қаражат, сондай-ақ Астанадағы құны 2 млрд теңге тұратын бизнес-орталық», – делінген хабарламада.
Бұған қоса 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданған. Оның аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады. Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.